Әуезов ауданында биыл алты жеке меншік балабақша ашылды

Әуезов ауданында биыл алты жеке меншік балабақша ашылды
Сурет: Mgpu.ru

Қала басшысы аудан тұрғындарына өз жоспарын айтты.

Алматы әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданындағы әлеуметтік инфрақұрылым қалай дамитынын жеткізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Оқушы орындары тапшылығын төмендету мақсатында 1 қыркүйекте №117 және 132 мектептерге қосымша салынған 1 725 орындық екі жапсаржай пайдалануға берілді, сондай-ақ 4-ші шағынауданда 400 орындық «Достық» жекеменшік мектебі ашылды. Әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде құрылыс салушы Everest Development №104 мектепке 400 орындық қосымша құрылыс салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуде. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2023 жылдың II тоқсанына жоспарланған», - деді Ерболат Досаев.

Қала басшысы Әуезов ауданында салынып жатқан «City plus» және «Белкамит» тұрғын үй кешендері жанында құрылыс салушы ("Қазақстрой") 1500 орындық екі жаңа мектеп және 800 орындық екі балабақша салуды жоспарлап отырғынын жеткізді.

«4 мектепте (№122, 127, 141, БИЛ, осы мектептегі жалпы орын саны – 3 686) сейсмикалық күшейте отырып, күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жұмыстар 2023 жылдың  IV тоқсанында аяқталады. Мектепке дейінгі мекемелерде орын тапшылығын азайту үшін 280 орындық екі мемлекеттік балабақша салу жоспарланған. "Алтын бесік" шағынауданындағы 120 орындық бірінші балабақша бойынша қараша айының соңына дейін жобалау-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өту сатысында. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2023 жылғы І тоқсанда бастау жоспарлануда. 10-шы шағынаудандағы 160 орындық екінші балабақша бойынша айтсам, биылғы мамыр айында қараусыз қалған балабақша ғимараты сатып алынды. Ғимаратты бұзып, құрылыс салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу үшін 2023 жылға қаражат көзделетін болады. Биыл 348 орындық 6 жеке меншік балабақша ашылды», - деді Ерболат Досаев.

Сонымен қатар қала әкімі емхана құрылысына тоқталып кетті.

«Алдыңғы кездесулерде айтқанымдай, №18 емханаға адамдар шамадан тыс көп тіркелген. Осы емхана жүктемесін азайту үшін "Мамыр-1" шағынауданында бір ауысымда 200 адамды қабылдайтын  отбасылық-дәрігерлік амбулатория салынуда (мердігер ұйым – «Шах» ЖШС). Бүгінде жұмыстардың 35%-ы аяқталды, құрылысты 2023 жылдың I тоқсанында бітіру жоспарланған. Сондай-ақ "Қуаныш" шағынауданында бір ауысымда 300 адам қабылдайтын №18 емхананың негізгі ғимаратын салу жұмыстары жүргізілуде. Жуырда сатып алу үшін жер учаскесінің бағасы шығады, ендігі мәселе – құнын жердің иесімен келісу қажет», -  деді қала әкімі.