Әскери госпиталь мен колледж арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Әскери госпиталь мен колледж арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды
Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігі

ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери клиникалық госпиталі мен Алматы жолаушылар көлігі және технологиялар колледжі өзара ынтымақтастық және «Жас дәрігер» әскери-патриоттық клубын құру туралы меморандумға қол қойды.  

Шарттың негізгі мақсаты – жастардың бастамаларына қолдау көрсету, бірлескен жобаларды іске асыру, сондай-ақ өскелең ұрпақты әскери-патриоттық іс-шараларға кеңінен тарту, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

ҚР Қорғаныс министрлігі әскери клиникалық госпиталінің бастығы медицина қызметінің подполковнигі Асқар Рысбаев әскери-патриоттық клубтар жастардың бос уақытын ұйымдастыру үшін маңызды әлеуметтік-педагогикалық негіз болып табылатынын атап өтті.

– Клубқа он бес студент қосылды. Біз оларға алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын үйретеміз. Бұл білім олардың өмірінде пайдалы болуы мүмкін, – деді ол. 

Кездесу барысында жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді дамыту бойынша бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілді. Олардың қатарында кездесулер, спорттық іс-шаралар, түрлі конференциялар, семинарлар мен конкурстар өткізу бар.

Бүгінгі таңда ҚР Қарулы күштерінің Бас әскери-медициналық басқармасы Алматы, Талдықорған және Тараз қалаларындағы орта оқу орындарының базасында үш «Жас дәрігер» әскери-патриоттық клубын ашты. Онда әскери дәрігерлер оқушыларға әскери-медициналық даярлық негіздерін үйретеді.