Әлихан Смайылов: Бағаны бақылау керек, оны ешкім қадағаламай отыр

Әлихан Смайылов: Бағаны бақылау керек, оны ешкім қадағаламай отыр
primeminister.kz

Премьер-Министр әлеуметтік маңызы бар тауарларға 15% үстеме бағаның сақталуын бақылауды күшейтуді тапсырды

2022 жылғы 19 наурызда Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Мемлекет басшысының тапсырмаларын және Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимыл жоспарын орындау бойынша кезекті кеңес өтті, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz

Жыл басынан бері Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 8%-ға өсті. Бағаның өсуі барлық өңірлерде тіркелді. 

Өңірлер бойынша өткен аптада бағаның ең жоғары өсуі Батыс Қазақстан облысында 9,5%-ға, Ақтөбе облысында – 8,7%-ға, Павлодар облысында – 7,1%-ға және Атырау облысында – 6,7%-ға орын алған.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының айтарлықтай өсуіне жол берген бірқатар өңір әкімдеріне ескерту жасады. 

«Облыста жыл басынан бері де, бір апта ішінде де барлық ӘМАТ бойынша бағаның өсуіне жол берілген, —  деді Әлихан Смайылов БҚО әкіміне. — Бұл халыққа едәуір қиын. Біз Оралдағы көптеген дүкенді араладық. Қант бағасы бір жерде төмен, ал бір жерде жоғары. Мен адамдарды еліміздің барлық өңіріне арнайы жолдадым. Кейбір сауда орындарында баға 20 пайызға көтерілген. Үстеме бағаны бақылау керек, оны ешкім қадағаламай отыр».