Әлеуметтік кодекс

Әлеуметтік кодекс
24simba.ru

ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ

Азаматтарды әлеуметтік қорғау саласында қандай өзгерістер бар?

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік қамтамасыз ету саласына кеңінен тоқталып, Үкіметке Әлеуметтік кодексті әзірлеуді тапсырған еді. Жақында Президент аталған құжатқа қол қойды. Сонымен, еліміздің Әлеуметтік кодексі қабылданды. Әлеуметтік қорғау саласында нендей жаңалық бар? Кодексте азаматтарды әлеуметтік қорғау жүйесінде қандай өзгерістер қарастырылған? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісіне берген сұхбатында тұжырымдағандай, жаңа құжат адамның бүкіл өмірлік тағдырын қамтымақ: азаматты туғаннан кәмелетке толғанға дейінгі әлеуметтік қолдау, еңбекке қабілетті жастағы адамды жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтандыру іс-шаралары, өмірлік қиын жағдай туындаған кездегі әлеуметтік көмек, сондай-ақ жасы ұлғайған шақтағы қолдаулардың барлығы енді осы бір құжатпен реттелмек. Министр Қазақстанның Әлеуметтік кодексін жалпы ТМД мемлекеттері тәжірибесіне енгізілетін алғашқы біртұтас әлеуметтік құжат деп бағалап отыр. Оның айтуынша, «Шын мәнінде, Әлеуметтік кодекс – Әділетті Қазақстанның жаңа әлеуметтік саясаты. Сондықтан оның аясында үлкен бетбұрыстар жасалады. Мемлекеттік қолдау парадигмасы түбегейлі өзгереді».

КОДЕКС ҚАҒИДАТТАРЫ: МИНИСТР НЕ ДЕДІ?

Бес жаңалық, бес анық

«Кодекстің негізгі бес жаңалығының біріншісі – Отбасының цифрлық картасы, яғни еліміздегі отбасылардың дербес дерекқоры. Оны енгізудегі мақсат – халықтың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжеткізуін қамтамасыз ету. Сондықтан Кодексте біріншіден, Отбасылық цифрлық картаны мемлекеттік әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіледік. Яғни мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алады.

Екіншіден – карта отбасылар немесе отбасы мүшелерінің әлеуметтік мәртебесіне және әл-ауқат дәрежесіне қарап, мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігін жеткізіп отыратын электронды жаршы қызметін атқарады. Мұндай ақпарат әр отбасына мемлекеттік орган тарапынан SMSхабарлама түрінде жібереді. Үшіншіден – мемлекеттік қолдау проактивті форматта жүргізіледі».

Мемлекеттік қолдау: жаңа парадигма

«Кодекстің екінші жаңалығы – мемлекеттік қолдаудың жаңа парадигмасы. Жаңа парадигмаға сәйкес мемлекеттік қолдау алдымен әлеуметтік тәуекелдердің алдын алатын атаулы іс-шара, одан кейін ғана атаулы әлеуметтік көмек ретінде қарастырылады. Яғни мемлекет қаржылай көмек емес, атаулы іс-шараны қолдана отырып, әлеуметтік тәуекелдің алдын алды. Мұндай мүмкіндікті биыл Отбасының цифрлық картасы арқылы тәжірибеге енгіздік. Сондықтан алдағы уақытта отбасылардың әлеуеті жөніндегі талдау жұмыстары күшейтіліп, мемлекеттік органдар мен отбасылар арасындағы байланыс жаңа деңгейге көтеріледі. Ал егер отбасы қиын жағдайда болса, онда атаулы әлеуметтік көмек атаулы іс-шарамен бір мезгілде беріледі. Мысалы, отбасына ай сайын атаулы әлеуметтік көмек, ал отбасының жұмысқа жарамды мүшелеріне оқу, жұмыс, грант және жеңілдетілген несие сияқты мемлекеттік қолдау іс-шаралары көрсетіледі».

Мүгедектігіне байланысты мемлекеттік жәрдемақы

«Кодексте әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін толық трансформациялау қарастырылған. Бұл – Кодекстің үшінші жаңалығы. Негізгі мақсат – мүгедектігі бар азаматтардың арнаулы әлеуметтік қызметтерге деген қолжетімділігін мемлекеттік емес ұйымдар, жеке сектор және отбасы мүшелерін тарту арқылы арттыру. Біріншіден, мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету ісіне олардың отбасы мүшелері барынша тартылады. Бұл ретте отбасы мүшесі жеке көмекші немесе әлеуметтік қызметкер ретінде рәсімделеді. Бұл жұмысқа еңбекақы төленеді және кірісінен әлеуметтік және зейнетақы жарналары аударылады. Осылайша отбасының еңбек жасындағы жұмыссыз мүшелері жұмысқа орналасады. Сөйтіп, әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда әлеуметтік қамсыздандыру іс-шараларымен қамтылады.

Екіншіден, мүгедектігі бар азаматтарға мемлекет тарапынан берілетін протездер және компенсаторлық техникалық құралдардың стандарттары толық қайта қаралады. Негізгі мәселе – берілетін әрбір құрал, мейлі ол қоларба немесе есту аппараты болсын, азаматтың жеке қажеттілігіне сәйкес келуі және сапалы болуы керек».

Зейнетақымен қамсыздандыру

«Зейнетақы жүйесіне қатысты өзгерістер Кодекстің төртінші жаңалығы.

Кодексте бүгінгі буын зейнеткерлері үшін алдағы 5 жылда базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен көбейту қаралды. Оның ең төменгі мөлшері күнкөріс деңгейінің 54%-ынан 70%-ына дейін, ал жоғары мөлшері 120%-ға дейін арттырылады.

Еңбек зейнетақысының көлемін есептеу үшін қолданылатын ең жоғары табыстың көлемі 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке д е й і н н е м е с е о р т а ш а ж а л а қ ы н ы ң 70 пайызына дейін ұлғаятын болады... Аталған шаралар азаматтарды лайықты зейнетақымен қамтуға мүмкіндік береді деп пайымдаймыз.

Бұдан бөлек, Кодекс жобасына өз активтерін басқару бойынша салымшылардың құқығын кеңейтуге қатысты өзгерістер енгізіледі. Енді азаматтар белгіленген жеткіліктілік шегінен асқан зейнетақы жинақтарын тек емделуге және тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады. Сондай-ақ, салымшыларға зейнетақы жинақтарының 50 пайыздан аспайтын бөлігін активтерді басқару компаниясына беру және мұндай компанияны өздері таңдау құқығы беріледі».

Жұмыспен қамту: оң өзгерістер мен тәсілдер

«Қазақстанға 300 мың АҚШ долларынан кем еме с инве стиция с алған шетел кәсіпкерлеріне «инвестор визасын» беру ұсынылады. Сонымен бірге, шетелде тұратын қазақтардың әлеуетін де ел игілігіне пайдалануға маңызды қадам жасалады. Ол үшін америкалықтардың Грин-картасы сияқты «Атамекен картасын» енгізу ұсынылып отыр. Ол жоғары деңгейдегі кәсіби маман немесе өзі тұратын елде табысты бизнес жобалары бар және оны Қазақстанда жүзеге асырғысы келетін шетелдегі қазақтарға берілмек. Мұндай азаматтар мерзімі 10 жылдық жеңілдетілген виза рәсімдеп, Қазақстанда өз кәсібін жүргізуге мүмкіндік алады.

Осыған орай қандастарды қабылдау тетігі де қайта қаралады. Мұндағы басты шарт – көшіп келетін азаматтардың жұмысқа орналасуына және баспаналы болуына жағдай жасау. Баспана мәселесін шешу үшін тұрғын үй құнының 50% шығынын өтеу құқығын беретін экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру (жұмыс орны бар екендігін растаған жағдайда) көзделіп отыр. Біз шетелде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының еңбек құқықтарын да қорғауымыз керек. Ол үшін көптеген азаматымыз барып жұмыс істейтін мемлекеттерде қазақстандық еңбек мигранттарының құқықтарына кепілдік беретін мемлекетаралық келісімдер жасауды ұсынамыз. Жұмыспен қамту саласындағы бұл өзгерістер Кодекстің 5-ші жаңалығы. Кодекстің барлық ұсынылған жаңа новеллалары ең алдымен тараптардың өзара жауапкершілігін іске асыруға бағытталған.

Әділетті Қазақстанды құру үшін әділ әлеуметтік саясат жүргізуіміз керек. Біз қолға алған Әлеуметтік кодекс осы саясатты табысты жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам болмақ».

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

 (Дереккөз: «Egemen Qazaqstan»).