Әлемді Ізгілік қана құтқарады

Әлемді Ізгілік қана құтқарады
Сурет видеодан алынды

    Соңғы кездерде әлеуметтік желіде «Қазақстанда әйел болып туылғаннан Түркияда мысық боп туылған артық» деген сыңайдағы жазбалар көбейіп кетті. Бұл, негізінен, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық оқиғаларына, оның ішінде әсіресе қазіргі уақытта Астанада жүріп жатқан сот процесіне байланысты екені түсінікті.

    Ал жоғарыдағы жазбаның жай-жапсарына келсек, ол да жай айтыла салмаған сөз екен. Яғни, бұл жылдың басында Стамбулда қатыгездікпен өлтірілген панасыз мысық оқиғасынан туындайды. Сондағы тұрғын үй кешендерінің бірін кішкентай екі мысық паналапты. Оларға Эрос, Арес деп ат қойған тұрғындар екеуін үнемі тамақтандырып, қамқорлық көрсетіп, суреттерін әлеуметтік желіге салып жүретін көрінеді.

    Тура 1 қаңтарда сол үйде тұратын біреу әлгі мысықтардың біреуін лифтіден көріп қалады да, ұра бастайды. Мысық дәлізге қашып шығады, әлгі бұзақы сонда да соңынан қалмай, оны қуалап жүріп тепкілеп, ұрып-соғып, қинап өлтіреді. Подъездегі бейнекамера арқылы кінәліні тапқан тұрғындар дереу полицияға шағымданады. Айыпты ұсталып, үстінен қылмыстық іс қозғалады. Сотта бұзақы соған дейін мысықты өзі тамақтандырып жүргенін, бірақ сол күні депрессиялық жағдайда болғандықтан, өз-өзін ұстай алмай қалғанын, сол қылығы үшін өкінетінін айтып ақталады. Сот оған 1 жыл 3 ай көлемінде жаза кеседі, бірақ бұрын істі болмағанын, қамауда отырған кезде тәртібі жақсы болғанын ескере келе, үкімнің орындалуын кейінге шегеріп,  босатып жібереді.

    Қылмыскер жазасының жеңілдетілгені туралы хабар жұрттың қатты наразылығын тудырады. Әлгі кешеннің тұрғындары мысықты өлтірген адаммен көрші тұрғысы келмейтіні жазылған лозунгтар көтеріп, шеру ұйымдастырады. Бұдан бөлек, істі қайта қарау жөнінде берілген онлайн-петицияға сол күні-ақ 100 мыңнан астам қол қойылады. Танымал өнер адамдары, зиялы қауым өкілдері, жалпы, ел тұрғындары да үн қосып: «Біз Эроспен біргеміз!», «Бүгін – Эрос, ертең – біз!» деген сыңайда видеолар жариялайды. 

    Қоғам наразылығы күшті болғаны сонша, оған тіпті ел президенті Ердоған да назар аударып, істің ақ-қарасын анықтауды Әділет министріне тапсырады. Бұзақының әкесі де ұлының мысыққа істеген жауыздығын айыптап, ғаламторға бейнежазба жариялайды.  

    Ел аумағында ұйымдастырылған жаппай шерулер мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы, әлеуметтік желідегі наразылықтар панасыз мысықты өлтірген қаскүнем ісінің қайта қаралуына түрткі болады. Ақырында, айыпты 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылады. Халық наразылығы соның өзінде басылмайды, «мемлекет қылмыскерді қорғап отыр» деген жұртшылық, соттың жаңа шешімімен келіспейтінін мәлімдейді және жануарларға зәбір көрсеткендерге берілетін жаза мерзімі мен салынатын айыппұлды көбейту үшін заңға өзгеріс енгізу қажеттігін баса айтады.

    Көріп тұрғанымыздай, өзге жұрт мысық, күшігінің де кегін қуады, обал-сауабын ойлайды. Сөйтіп, нақақтан нақақ қан төгушілер мен жазықсыз жаратылыс иесін жәбірлеушілерді аяусыз жазалата отырып, баршаға қатаң ескерту жасайды, сабақ болсын дейді. Ал бізде ше? Хайуанаттар түгілі, адамға, оның ішінде әйелдер мен жас балаларға, қарт кісілерге, жалпы, қорғансыз жандарға жасалатын зорлық-зомбылыққа көзіміз үйреніп, етіміз өліп барады. Бұл – өте алаңдатарлық жағдай.

    Осыдан біраз уақыт бұрын ғана Алматыдағы тұрғын үй кешенінің бірінде әлдебір жауыз қарапайым күзетшіні көлігімен таптап, онымен қоймай төпелеп ұрып өлтірді. Тағы бір есірік 15 мың теңге қарызын қайтара алмағанына бола, жас баланы тепкілеп, құлақ-шекеден соққылаған видеосын көріп, жағамызды ұстадық. Одан бөлек, өзара кикілжің салдарынан Павлодарда 6 сыныпта оқитын ұл бала өзінен 1 сынып жоғары оқитын қызды ұрып, жағын сындырды. Істі қараған сот жәбірлеушінің емес, жәбірленушінің қылығын «ұсақ бұзақылық» деп тауып, «дұрыс тәрбие бермегені үшін» қыздың анасына айыппұл салды. Сол екі арада Алматыда тағы бір Салтанаттың бұрынғы күйеуінен таяқ жеп, жерде домалап жатқан видеосы әлеуметтік желіде тарап үлгерді.

    Қарап тұрсаң, жаппай зорлық-зомбылық, әлімжеттік. Баяғыда бәріміз кітаптан тамсана оқыған, кинодан қызыға тамашалаған Тарзан адамдардың мейірімсіздігін, қатыгездігін көріп: «Аңдар ашыққан кезінде жемтік іздейді, сол мақсатпен ғана бір-біріне шабуылдайды. Басқа уақытта бекерден бекер жауыздық жасамайды. Ал адамдар джунглидегі аңдардан бетер ақымақ әрі қатыгез екен» деген сыңайлас ойға келетіні бар еді. Сол айтпақшы, мысалы, қазір осы жұртқа не жетпейді?! Ел аман, жұрт тынышта кең дүниені пейілімізбен тарылтып, барлығын өз қылығымызбен, іс-әрекетімізбен қиындатып жүрген жоқпыз ба?! Неге біреу біреуді қорлауға, әлімжеттік жасауға бейім тұрады?!

    Сұрақ көп, жауабын табу қиын. Соңғы уақытта оңтүстік өңірде жер сілкінісі жиіледі, солтүстік өңірдегі жұрт топан сумен алысып, қиын жағдайды бастан кешіп жатыр. Табиғи апат дегенімізбен, оның бәрі де жайдан жай болып жатқан жоқ. Біле-білсек, бұл – адам қолымен жасалған қиянаттардан, зұлымдықтардан ауырлаған, кірлеген дүниенің сілкінісі, бұлқынысы!

    Иә, тікелей Президенттің араласуымен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты арнайы заң қабылданды, жауапкершілік күшейтілді. Жаңа түзетулер жәбірленушілердің өтінішінсіз-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға мүмкіндік береді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі бойынша хаттама жасау үшін ендігі жерде куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камералары мен бейнетіркегіштің жазбалары жеткілікті. Мұның бәрі, әрине, заңдық тұрғыдағы шаралар. Жүзеге асып жатса құба-құп.  Бұдан бөлек, адами тұрғыда да әркім әрқашан жадында ұстауға тиісті жайттар бар.

    Бұрын «Әлемді сұлулық құтқарады» дейтін едік, енді «Әлемді Ізгілік құтқарады» дейтін уақыт келді. Бүгінгі ең бағалы құндылық, ол – Ізгілік. Ізгілік салтанат құрған жерде зорлық-зомбылыққа, жауыздыққа орын жоқ.