Әлемде инфляция ырық бермей тұр

Әлемде инфляция ырық бермей тұр
Сурет: ашық дереккөз

Қазіргі уақыт Англия банкіне оңайға тиіп жатқан жоқ. Баға төмендеген сайын, олардың беделі түсіп жатыр. Халықтың ренжитіндей жөні бар. Өйткені көршілес Франция, Германия мен Испанияда инфляция деңгейі шамамен 3 пайызға төмендеген,-деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Ал Біріккен Корольдікте мамырдағы 8,8 пайыз деңгейінен түспей тұр. СУнак қамсыз емес. Бірақ оның мемлекеттік сектордағы жалақыны өсірмеу, ипотекалық несиесі бар азаматтарға қомақты сомада көмек бермеу сияқты шешімдері әбден сүйкімін кетірді, деп жазды 24.kz. Үкімет басшысы пайыздық мөлшерлемені 5 пайызға дейін көтеруді қолдады. Бұл 2008 жылғы қаржы дағдарысынан кейінгі рекордты көрсеткішке айналды.

 - Солшылдар мен оңшылдардың тарапынан жасалып жатқан қысымға қарамастан біз алған бетімізбен қайтпаймыз. Басқа елдерге қараңыздаршы - олар инфляцияны пайыздық мөлшерлемені көтеру арқылы тежеп отыр. Біз де сондай қадамға баруға мәжбүрміз. Сондықтан сабыр сақтауды сұраймын, -дейді Ұлыбритания қаржы министрі Джереми Хант. 

Сарапшылар «инфляцияға әсер етіп отырған бірнеше фактор бар» дейді. Біріншіден, Британияда 1 жылдың ішінде автосақтандыру құны 40 пайызға артты. Бұған көлік және оны жөндеу бағасының көтерілуі себеп. Екіншіден, әуе билеттерінің құны 30 пайызға көтерілді. Ал сауда, қонақ үй және мейрамхана бизнесіндегі адамдардың онсыз да төмен жалақысы әлі өскен жоқ дейді экономистер.

Осы айда Еуроаймақ экономикасының өсімі баяулап қалды. Өйткені өндірістің қарқыны бәсеңдеген. Жалпы аймақтағы  инфляция деңгейі 6 пайыз мөлшерінде қалып отыр. Бұл үкіметтер межелеген көрсеткіштен 3 есе жоғары.

Сауд Арабиясы коронавирустан кейін соңғы 3 жылда алғаш рет қажылыққа көп адам қабылдай бастады. Алайда экономикалық дағдарыс көптеген мұсылманның Меккеге баруына тұсау болып тұр. Мысырда жаз басталғалы жылдық инфляция 40 пайызға артты. Қажылыққа ұшақпен бару билеті, тамақ және қонақ үйде тұру құны қымбаттады. Бірақ Меккеге жетудің басқа жеңілдеу жолдары шығып жатыр. Мәселен, Мысырдың Ішкі істер министрлігі мемлекеттік лотерея ойнатуға кірісті. Оны ұтқан адам Қағбаға 5 жарым мың долларға барып қайтады. Ал кейбір тұрғындар билеті арзан автобуспен барып жатыр. Қажылыққа жолы түскендердің қуанышында шек жоқ.

БЛИЦ: 

- Мен 6 жылдан бері қажылыққа баруға өтініш беріп келгенмен. Бірақ кезек тимей қойған еді. Биыл бағым жанды. 

 - Әуе билеті 175 мың мысыр фунты тұрады деп естідім. Бұл 5 мың доллардан асады. Ондай ақша менің үш ұйықтасам түсіме кірмейді. Ал автобуспен барсаң, 4 мыңдай доллар кетеді. Соған ақша жинап жатырмын.

Мысырдағы тағы бір қиындық - шетел валютасы өте тапшы. Тіпті көптеген банктер қолма-қол ақша алуға шектеу қойып тастаған. АҚШ-та қымбатшылық деңгейі төмендесе де, межелі 2 пайыздық мөлшерлемеге әлі жете алмай отыр. Тіпті Федералдық сақтық қор жүйесі биыл пайыздық мөлшерлемені тағы көтереміз дейді. Мамандар онсыз экономикаға жан бітпейді деп ақталып әлек.

- Инфляция өткен жылдың ортасынан бері бірнеше рет төмендеді. Бірақ экономика әлі еңсесін тіктей алмай келеді. Иә, бағаның тұрақтылығына Федералдық сақтық қор жүйесі жауап береді. Алайда пайыздық мөлшерлемені көтермей, еңбек нарығында оңды өзгеріс болады деп айта алмаймыз,-дейді АҚШ Федералдық резервтік қор жүйеснің төрағасы Джером Пауэлл.

Әлем елдерінің экономикасына талдау жасайтын «Трейдиң Экономикс» (Trading Economics) ұйымының соңғы мәліметі бойынша, ең үлкен қымбатшылық қазір Венесуэлада болып жатыр. Бұл елдегі жылдық инфляция деңгейі 429 пайыздан асып кеткен. Екінші орында тағы бір оңтүстік америкалық ел - Аргентина тұр. Сондай-ақ инфляция Ливан мен Иранда да өте жоғары. Жалпы сарапшылар пайыздық мөлшемелерді көтеру 1 жылдан кейін тиімділігін көрсетеді дейді.