Әкімдіктер бақыламағандықтан, әлеуметтік көмір мақсатсыз сатылған

Әкімдіктер бақыламағандықтан, әлеуметтік көмір мақсатсыз сатылған
Сурет: ашық дереккөз

Әкімдіктер бақыламағандықтан, әлеуметтік көмір мақсатсыз сатылған. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz  Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

«Алдағы 2023 - 2024 жылдардағы жылу маусымына дайындық мақсатында министрлік бюджеттік ұйымдар мен халықты көмірмен қамтамасыз ету бойынша нақты мерзімдері көрсетілген іс-шаралар жоспарын әзірлеп, жергілікті атқарушы органдарға жолдады. Алдағы жылыту кезеңінде коммуналдық-тұрмыстық көмірдің жетіспеушілігін болдырмау мақсатында министрлік көмір өндіруші кәсіпорындарды қоспағанда, көмірді автокөлікпен (6 ай мерзімге) және теміржол көлігімен әкетуді шектеуге бағытталған алдын алу шараларын қабылдап жатыр», - деді министр.

Өткен кезеңдегі тәжірибе көрсеткендей, жылу маусымы қызған шағында әлеуметтік көмірдің сату нүктелерінен шетке кету фактілері болды.

«Мәселен, еліміздің 5 өңірінде (Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Алматы облыстары) 400 мың тоннаға жуық көмір шетке кетті. Әкімдіктер тарапынан бақылаудың болмауына байланысты, бірқатар өңірлік операторлар әлеуметтік көмірді мақсатсыз, яғни бизнес субъектілеріне сата бастады (цемент, кірпіш зауыттары және жылыжай шаруашылықтары)», - деді ол.

Төтенше жағдайлар министрлігінің республикалық дағдарыс орталығының деректеріне сәйкес, 2022-2023 жылдардағы жылу маусымы кезінде тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінде 185 технологиялық ақау болған.

«Бұл негізінен инженерлік-коммуникациялық желілердің тозуына байланысты болды. Жергілікті атқарушы органдардың жедел деректеріне сәйкес, 2022 жылдың қорытындысы бойынша жылумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 14 мың шақырымды құрайды. 3 Желілердің орташа тозуы - 54% (7,5 мың км ауыстыруды қажет етеді). Бұл ретте, ең жоғары тозу Павлодар (82%), Абай (68%), Қарағанды (68%), Шығыс Қазақстан (66%) және Солтүстік Қазақстан (65%) облыстарында сақталып отыр», - деді министр.