Абай облысындағы орман өрті: ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге көшіп жатыр

Абай облысындағы орман өрті: ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге көшіп жатыр
Сурет: Ашық дереккөз

Себебі өрт елді мекенге таяп қалған

Абай облысы Березовка ауылының тұрғындары қауіпсіз жерге көшуге қамданып жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Жергілікті билік әзірге қауіп жоқ екенін айтады. Дегенмен көшемін дегендерге арнайы көліктер дайындап қойған. Сонымен қатар Ивановка және Ауыл елді мекендерінің тұрғындары үшін автобустар әзір тұр. Аталған ауылдардың халқы әзірге қозғала қоймады.

Айта кетейік, құтқарушылар мен орманшылар кешеден бері қызыл жалынмен арпалысып жатыр. 400-ден астам адам, 100-ге тарта техника мен 2 тікұшақ жұмылдырылды. Алайда қатты жел болып, өртті сөндіру қиындап кетті. Таңертеңнен бері тікұшақтар көктен 157 тонна су шашқан. Алдын ала болжам бойынша, 1,5 мың гектарға жуық алқап өртеніп кетті.

«Бородулиха ауылында апайым тұрады. Соған кетіп бара жатырмыз. Қазір өрт жақындап қалғанын полиция келіп айтты», - дейді Березовка ауылының тұрғыны Ерлан Биғазиев.

«Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Дегенмен тұрғындарды көшіру үшін автобус дайындап қойдық. Халыққа түсіндіру жұмысын жүргіздік», - деді Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков.