72 жастағы қазақстандық жиһангез жер шарын жаяу аралап шықпақ

72 жастағы қазақстандық жиһангез жер шарын жаяу аралап шықпақ
Сурет: Ашық дереккөз

Марафоншы өз сапарын Атыраудан бастамақ

Қазақстанның бүкіл өңірін жаяу аралап шыққан 72 жастағы Сәрсенбай Қотырашев енді әлем елдеріне саяхат жасамақ. Бұл туралы жиһангез өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы өз өмірімде жаңа қадам бастап, жаяу жүріп өттім. Жүрген жерімде мені таң қалдырған, қуантқан және бұрын бастан кешірмеген ерекше эмоцияларға көз жеткіздім. Бірінші экспедициям сәтті аяқталды. Бұл сапарымда жоспарлаған мерзімнен бұрын көздеген межеге жеткен сәтті жетістік болды. 72 жыл ішінде алғаш рет туған еліміздің көптеген көрікті жерлерін аралаппын. Ендігі кезекте оның шеңберінен шығып, жер шарын айналып шығуды жөн көрдім. Өйткені, бір жолдың соңы - қашанда жаңа жолдың басы», - деп жазды Сәрсенбай Қотырашев өзінің Іnstagram парақшасында.

Марафоншы өз сапарын Атыраудан бастап, орта және солтүстік жарты шардағы 14 елді аралап, Өскеменде аяқтауды жоспарлап отыр.

Еске салайық, Сәрсенбай Қотырашев былтыр Қазақстанның барлық өңірлерін жаяу аралап шыққан еді.

Ол өз саяхатын Ұлытаудан бастап, Ақтауда аяқтады. Осы аралықта жиһанкез 8 мың шақырымнан аса қашықтықты жүріп өткен.