5 миллион теңгені иемденіп алған полицейлер сотталды

5 миллион теңгені иемденіп алған полицейлер сотталды
Сурет: Ашық дереккөзі

Сөмкені көшеден тауып алған азамат полицияға тапсырған

Ақтөбеде полиейлер табылған сөмкедегі 5 миллион теңгеден астам қаражатты иемденіп алған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ақтөбе облыстық сотының ресми сайтына сілтеме жасап.

Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, екі полицей қызметте отырып, тауып алып келген азаматтан сөмкені қабылдап алған. Кейін 2 адамға тиесілі сумканың ішіндегі 5330 000 теңгені өздері иемденіп алған.

«Сотталушылардың кінәсі дәлелдемелер жиынтығымен, оның ішінде жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен, бейнежазбалармен расталды. Сотталушылардың қылмыстық жауаптылығын жеңілдететін мән-жайлары ретінде сот шын жүректен өкінгенін, жасөспірім балаларының болуын және жәбірленушілерге келтірілген залалды толық көлемде өтегенін ескерді. Сотталушылардың қылмыстық жауаптылығын ауырлататын мән-жайлар ретінде сот олардың өздері берген сертін бұзғаны және алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып, қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп шешті», – делінген хабарламада.

Сот сотталушыларды ҚК-нің 361-бабының 4-бөлігі 3 - тармағы бойынша кінәлі деп танып, оларға белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.