3 млн теңгенің чегін қолдан жасаған Көкшетау тұрғыны сотталды

3 млн теңгенің чегін қолдан жасаған Көкшетау тұрғыны сотталды
Сурет: ПД

Ақмола облысында жалған чектер бойынша тауар сатып алған алаяқтар үш жыл алты айға сотталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Ақмола облысы Полиция департаментінің мәліметінше, Көкшетау қаласының 24 және 31 жастағы тұрғындары 2021 жылдың тамыз айынан қараша айына дейін Красный Яр ауылының азық-түлік дүкендерінің бірінің сатушысын жаңылыстырып, төлемсіз тауар алған.

Қаскүнемдер дүкендегі кассирлердің мобильді қосымша арқылы ақша аудару кезінде аудару расталуын көрсетуді талап етпей, тек түбіртектің болуына ғана назар аударатынын байқаған.

Осылайша, клиенттер өнімді таңдап, бағасын нақтылап, сатушыны алдаған. Алаяқтар смартфондағы қосымшаның көмегімен алушының аты-жөні мен сомасын жазып, жалған төлем чегін жасаған.

Шығын сомасы 3 млн 62 мың теңгені құрады.

Көкшетау қалалық сотының үкімімен қаскүнемдер ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.