3 мың қандас жеңілдетілген тәртіппен азаматтық иеленді

3 мың қандас жеңілдетілген тәртіппен азаматтық иеленді
Сурет: Zakon.kz

Қандастар қатары артып келеді

Жыл басынан бері 3 мыңға жуық қандас жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасы азаматтығын алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. Қазақпарат сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз айтты.

«Биылғы 1 қаңтардан бастап қандастарға Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алуға және Қазақстан азаматтығына қабылдауға бір мезгілде құжаттар тапсыру мүмкіндігі заңды түрде енгізілген. Бұрын олар бұл процедуралардан бөлек өтетін, ал тұрақты тұру рәсімі 2 айға созылатын. Содан кейін бір ай ішінде тұруға ықтиярхат дайындалды, содан кейін ғана Қазақстан азаматтығына қабылдау үшін құжаттар тапсыруға болатын еді. Оны қарау мерзімі 3 айға созылатын. Ал қазір барлық үш кезең бір уақытта өтеді», - деді Нұрділдә Ораз министрліктің апталық брифингінде.

Оның айтуынша, жыл басынан бері 3 мыңға жуық отандас Қазақстан Республикасының азаматтығына осындай тәртіппен қабылданған.

«Қазіргі уақытта осы мысал бойынша қандас куәлігін беруден бастап, азаматтыққа қабылдауға дейінгі шараларға тартылған барлық мемлекеттік органдар (ЕХӘҚМ, СІМ, ІІМ, АҚДМ, жергілікті атқарушы органдар) жұмысының бірыңғай алгоритмі енгізілуде. Нәтижесінде олар әр мемлекеттік органға жеке-жеке емес, тек бір рет Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінетін болады. Құжаттар тізімі де екі есеге қысқарды, барлық кезеңдерден өту мерзімі 90 күнді құрайды. Материалдарды барлық мемлекеттік органдар қазіргідей кезек бойынша емес, бір мезгілде қарайтын болады», - деп түсіндірді ҚР ІІМ ресми өкілі.