20 сәуірден бастап «Жәрдем» медициналық пойызы іске қосылады

20 сәуірден бастап «Жәрдем» медициналық пойызы іске қосылады
Сурет: Gov.kz

Шалғай ауылдардың 90 мыңнан астам тұрғыны медициналық қызметпен қамтылады.

Денсаулық сақтау министрлігі мен «Samruk-Kazyna Trust» КҚ «Медициналық пойыздар» жобасы шеңберінде жауапкершілікті күшейту және өзара іс-қимылды нығайту бойынша ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап. 

«Жәрдем» мамандандырылған медициналық пойызы тұрғындарды білікті тегін медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылдың 20 сәуірінде шалғайдағы ауылдар мен станцияларына жүре бастайды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде шалғайдағы ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту үшін көлік медицинасы ұйымдастырылды.

Медициналық пойыз ауыл тұрғындарына медициналық зерттеп-қараулардың, диагностикалық қызметтердің, арнайы мамандардың кең ауқымына қол жеткізуге мүмкіндік береді және емдеуге жатқызуға жолдама ала алады», - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі.

Алдын ала биыл профилактикалық қарап-тексерулерді, скринингтік зерттеулерді, дәрілік заттармен қамтамасыз етуді, бейінді мамандардың консультацияларын, зертханалық-диагностикалық қызметтерді, ЭКГ, УДЗ, флюрографияны қоса алғанда, 1 млн медициналық қызмет көрсету жоспарлануда.

Өз бағыты шеңберінде медициналық пойыз 140 станцияға барады, онда 92 мыңнан астам адам зерттеліп-қаралып, емделетін болады, дәрігерлер 100 мыңнан астам қабылдау өткізеді.

Су тасқыны жағдайын ескере отырып, зардап шеккен ауылдық елді мекендердің тұрғындары медициналық пойыз қызметтерімен қамтылатын болады.