Алмалы ауданында 19 аулада күрделі жөндеу жүріп жатыр

Алмалы ауданында 19 аулада күрделі жөндеу жүріп жатыр
Сурет: ашық дереккөз

Аудан әкімдігі биылғы жылға 19 ауланы күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлаған

Оның 10-ны қайта жаңғыртылды. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Алмалы ауданы тұрғындарымен өткен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Қалған 9 ауланы күрделі жөндеу жұмыстары басталды, осы жылдың қазан айының соңына дейін аяқталады. Сондай-ақ қазан айының соңына дейін ауданның 50 ауласында ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталады. Сонымен қатар, осы жылы 47 тұрғын үйдің фасадын жөндеу жоспарланған. Оның ішінде 27 үйде жұмыстар аяқталды. Қалған 20 үйде жөндеу жұмыстары осы жылдың қыркүйегінде аяқталмақ.

Күләш Байсейітова атындағы жаяу жүргіншілер көшесін абаттандыру аяқталды, Прокофьев бульвары мен Дүйсенов жаяу жүргіншілер көшесінде, сондай-ақ Тастақ шағын ауданындағы «А. Байтұрсынов» және «Будан» скверлерінде автоматты суару құрылғысын орната отырып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді, -деді қала әкімі.

Қыркүйек айының соңына дейін Алмалы ауданының тағы «Биокомбинат», «Сосновый», «Кіші Ганди», «А. Иманов сквері» және «Ганди Паркі» скверінде көгалдандыру және автоматты суару жүйелерін жүргізу жұмыстары аяқталмақ.