Алматыда «Қалалық балаларды оңалту орталығы» ашылады

Алматыда «Қалалық балаларды оңалту орталығы» ашылады
Сурет: Alashainasy.kz

«Абай – Масанчидегі бұрынғы теміржол ауруханасының ғимаратын реконструкциялауға» жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.

Тарихи келбеттің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жоба Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы «Қазреставрация» кәсіпорнымен келісуден өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Алмалы ауданы тұрғындарымен өткен кездесуінде айтылды.

«Сараптама қорытындысын 2024 жылдың I тоқсанында алуды және құрылыс-монтаждау жұмыстарын   2024 жылдың II-ші тоқсанында бастауды жоспарлап отырмыз. Барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін осы ғимаратта заманауи «Қалалық балаларды оңалту орталығын» ашамыз. Құрылыс-монтаждау жұмыстары- 2025 жылдың  I тоқсанында аяқталады», - деді қала әкімі Ерболат Досаев. 

2024 жылдың II-ші тоқсанында Райымбек даңғылы 312 мекенжайында психикалық дамуы тежелген балаларға арналған бассейні бар спорт орталығының құрылысы басталады (сараптаманың шығуы 2023 жылдың IV тоқсаны).

Сондай-ақ, Әйтеке би көшесінің бойында 500 келушіге арналған жаңа емхана салу бойынша (ескі ғимаратты бұза отырып, қалалық ревматологиялық орталықтың орнына) сараптама қорытындысын 2024 жылдың II-ші тоқсанында алу жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда №3 емхана ғимараты мен Қалалық адам ұрпағын өрбіту орталығын күрделі жөндеуге жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтау осы жылдың IV-ші тоқсанының басына жоспарланған.

2024 жылы №1 перзентхананың тозған корпусын (1937 жылы салынған) бұзып, заманауи жабдықтармен жабдықталатын жаңа корпус салу жоспарлануда. Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтау – 2024 жылдың III-ші тоқсаны.