111 жылдық тарих

111 жылдық тарих
Сурет: Almaty-akshamy.kz коллажы

Almaty-akshamy.kz сайтында бүгін жарияланған жаңалықтарға шолу – күн керуені

Ұлт басылымы – шынайы ақпарат пен сапалы сараптаманың қайнар көзі

Елімізде алғаш рет 2 ақпан – Ұлттық басылым күні атап өтілді. Осыған орай мемлекет басшысы баспасөз қызметкерлерін Ұлттық басылым күнімен құттықтады.

«Сонау 1913 жылы, дәл осы күні еліміздің баспасөз саласының бастауында тұрған «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Халқымыздың біртуар перзенттері – Алаш арыстары шығарған бұл басылым сындарлы сәттерде ұлтты ұйыстыруға айрықша ықпал етті. Сөз бостандығына адалдығынан айнымаған басылымдар әрдайым шынайы ақпараттың және сапалы сараптаманың қайнар көзі болып қала береді. Газет-журналдар замана тынысын дөп басып, мемлекет пен қоғамдағы қордаланған мәселелерді көтереді, түрлі көзқарастағы ой-пікірлерді жарыққа шығарады. Сондай-ақ жалпы адамзатқа ортақ ізгі құндылықтарды дәріптейді. Баспасөз қызметкерлері кәсіби біліктіліктің, отаншылдық пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

Символдық мәні бар мереке

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да қалам ұстаған қауымды аталмыш мерекемен құттықтады.

«Қазақ баспасөзінің тағылымға толы тарихында бұл күннің маңызы бөлек. Себебі дәл осы күні Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді ұлт зиялыларының есімімен ұштасып жатқан «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Сондықтан, өткен жылы Үкімет қаулысымен 2 ақпан – Ұлттық басылым күні болып бекітілуінің өзіндік символдық мәні бар деп білеміз», деді министр құттықтауында.

Биылғы есеп бойынша Қазақстанда 5 804 БАҚ тіркелген, оның 3 985 – і мерзімді баспасөз басылымы, 212-і телеарна, 90-ы радио, 1 222-і ақпараттық агенттіктер және желілік басылымдар.

Қалтыраған Бішкек

Бүгін түнде Бішкектегі жылу орталықтарының бірінде апат болған. Алдын ала мәлімет бойынша, қазандықтардың бірі жарылған. Жарылыс себебі әзірге белгісіз. Қаланың көптеген тұрғыны ыстық сусыз қалған.

Баланы басып қалған...

4 бүлдіршін шкафтың астында қалып қойып, жарақат алды. Оқиға Оралдағы балабақшада болған. "Sabi" жеке балабақшасында балалардың үстіне биіктігі екі метрдей шкаф құлап, 4 бала астында қалып қойған. Балаларды қалқалаймын деп аяғын жарақаттаған 47 жастағы тәрбиешіге амбулаториялық ем тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Жолаушылардың жолы болмай тұр

Себебі, үш облыстың жолы ауа райының қолайсыздығына байланысты жабылып, 4 учаскеде көлік қозғалысына шектеу енгізілді. Жолдарды күтіп-ұстауға 893 арнайы техника мен 1145 жолшы жұмылдырылды.

Полиция ескертеді!

Алматы полициясы қардың қалың жаууына байланысты көлік жүргізушілеріне үндеу жасады.

Тәртіп сақшылары жүргізушілерді қауіпсіздік шараларын күшейтуге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жүргізуші мәдениетін көрсетуге шақырады.

Жарты ғасырдан кейін жарық көрген...

Әйгілі халық геологы, кен білгірі Қосым Пішенбаевтың 180 жылдығына арналған «Қосымның тағдыры» кітабының тұсауы кесілді. Кітаптың авторы – баянауылдық өлкетанушы Александр Черкашин. Кітаптың қолжазбасы 1972 жылы Баянауыл кентінде баспа машинкасына түсірілген. Бұл кітаптың жазылуына академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев түрткі болған. Қолжазба күйінде ҚазКСР Жазушылар одағының көркемдік кеңесіне жіберіліп, белгілі себептермен кейін қайтарылған.

Адамды чип басқара ма?

Илон Масктың Neuralink компаниясы адамның миына тұңғыш рет имплант орнатты. Чип орнату операциясы сәтті өткен. Масктың жазуынша, орнатылған чип жақсы нәтиже көрсетіп жатыр.

Чиптің көмегімен мүмкіндігі шектеулі азаматтар компьютер немесе смартфонды оймен басқара алады. Бұған қоса, имплант аяқ пен қол протезін басқаруға да көмектеспек.

«Әйелдерді еркектерден көп дейді...»

Жоғары сот кеңесінің төрағасы Денис Шипптің айтуынша, нәзік жанды судьялардың саны ерлермен салыстырғанда көбірек екен. Президент қабылдауында болған төраға судьялар корпусының қазіргі жай-күйі және алдағы кезеңге арналған жоспары жөнінде баяндалды.

«Гендерлік тұрғыдан әйел судьялардың саны ер адамдармен салыстырғанда 172 адамға көп. Судьялардың орташа жас мөлшері – 46 жас, ал еңбек өтілі – 13 жыл», деді төраға.

iPhone-ның не жазығы бар?

Алма белгісі бар телефон иелері неліктен жер сілкінісі туралы хабарлама алмады? Мұны түсіндірген Қырғыз Республикасы Министрлер кабинеті төрағасының бірінші орынбасары Адылбек Қасымалиевтің  айтуынша, Apple біздің елдерді апатты ескерту қызметіне қолжетімді елдер тізіміне қоспаған.

«Бұл қарапайым функция сияқты көрінеді, бірақ ол адамдардың өмірін сақтап қалуы мүмкін. ЕАЭО елдеріне ең алдымен Apple, Google және Microsoft сияқты технологиялық компаниялармен диалог қажет», деді  Адылбек Қасымалиев.