10 айда 25 қаржы пирамидасы жойылды

10 айда 25 қаржы пирамидасы жойылды
Сурет: Tengrinews.kz

Елімізде жыл басынан бері қаржы пирамидаларымен байланысы бар 9 мыңға жуық сайт пен аккаунт бұғатталған.

25 қаржы пирамидасы жойылып, жәбірленушілерге 8,3 млрд теңге қайтарылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Мұны Президент қабылдауында болған Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов мәлімдеді. Сондай-ақ қаржылық барлау қызметі есірткі сататын 15 интернет-дүкенді әшкерелеген. Олардың жалпы сауда айналымы 4,4 млрд теңге болыпты.

Бұл материалдар Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік қызметіне жолданған. Жанат Элиманов 25 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесіліп, 300 млрд теңгеден астам актив қайтарылғанын да айтты. Ал ақшаны қолма-қол шығарумен айналысатын 119 топтың қызметіне тосқауыл қойылған.

Мемлекет басшысы алаяқтық әрекеттері мен қаржы пирамидаларының жолын кесу бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.