«ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСАТЫН МЕМЛЕКЕТ»
тұжырымдамасының кейбір аспектілері
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған алғашқы Жолдауында ең күрделі әлеуметтік проблемаларды шешудің барысын айқындау, қайшылықты проблемалардың түйісетін тұстарын ашып көрсету және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру стратегияларына шолу жасалып, олардың түйіндемесі ұсынылған. Ілгерідегі саяси даңғылдың сабақтастығына, азаматтардың сындарлы сұрауларына жауап қайтару, билік пен қоғамның диалогы, сонымен қатар, сот және құқық қорғау жүйесіне реформа жасау қажеттілігі туралы баса айтылды. Президенттің жаңа бағдарламасы қатардағы азаматтар мен халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтары тап болатын әлеуметтік әділетсіздікке назарды көбірек бөлуге шақырады. Қоғамда қордаланған мәселелер баршылық.
Қоғамдағы теріс құбылыстардың орын алуының себептерінің астарында шешілмеген әлеуметтік проблемалар, рухани дағдарыстар мен ауытқулар, әлеуметтік мәселелер жатқаны айдан анық. Соңғы жылдары ел қоғамдастығының назарын аударған бірқатар оқиғалар орын алды. 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында (қазір – Түркістан облысы) жеті жасар баланы қорлау оқиғасында да бірнеше жағымсыз жайттар айқындалды: әжесі полицияға жүгініп, жоғары сынып оқушыларының жәбірленген балаға қатысты қайталана берген сексуалдық зорлық көрсетуі туралы оның арызына қарамастан, ұзақ мерзім бойы жергілікті биліктің дер кезіндегі әрекетсіздігі айқындалды. Биыл, 2018 жылы «Тальго» пойызының жолсеріктерінің университетте дәріс беретін келіншекті зорлауы жөніндегі сот ісі қаралды. Жәбірленген келіншектің сөзіне қарағанда, ол өзіне келген психологиялық залалмен қатар, тергеушілердің абсолютті менсінбей қарауы мен жолсеріктердің бір-бірін қорғаштағанына жаны күйзелген.
Келтірілген мысалдар елдің қатардағы азаматтарының дегбірсізденуіне, оларда қорғансыздық сезімін тудыра отырып, кейбір құқық қорғау органдарының кейбір қызметкерлерінің, сот төрешілері мен осы мәселелерге жауапты шенеуніктердің имиджіне нұқсан келтіріп отыр. Оның үстіне, құқық қорғау органдары мен шенеунік өкілдері күрделі мәселелер бойынша көпшілік алдында сөз сөйлеу және жәбірленушілермен араласуда кәсіби этиканы ұстану жағынан бәрі бірдей керемет деуден аулақпыз. Даулы жанжалдар бойынша жасалған әрекеттер мен шығарылған шешімдер халықты жағымсыз ойға қалдырып отыр. Сондықтан Ішкі істер министрлігін реформалау мен сексуалдық зорлық мәселелері қозғалатын заңнамаларды қатайту қажеттігі туралы Жолдау тармақтарын қуана қолдаймыз.
Сот шешімдерінің сапасын жақсарту мақсатында жасалатын заң мен саясатты тиімдірек жүзеге асыруға бағытталған оңтайлы стратегиялар азаматтарға қолайлы жағдай туғызатыны анық. Егер әрбір салада, жергілікті билік орындарында диалог арқылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саясатының жетістіктеріне бағытталған нақты іс-шаралар орындалатын болса, онда басшының халық арасындағы рейтингісі де арта түсері хақ.
Нұрлан ОСПАНОВ,
Болатбек БАТЫРХАН,
Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану
институтының ғылыми қызметкерлері.