Әлемге әйгілі қазақ суретшісі Нұр-Сұлтанға келді

Әлемге әйгілі қазақ суретшісі Нұр-Сұлтанға келді
Cурет: Azattyq.org

Бірқатар мемлекетте оның 30-дан аса көрмесі өткен

Берлиндегі қазақ суретшісі Болат Мекебаев Елордаға келді. Ол Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында туған жерінде жеке көрмесін өткізіп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
 
Бас қала тұрғындары мен қонақтары ерекше стильдегі туындыларды тамашалай алады. Қылқалам шеберінің ендігі жоспары қандай?  

Аспандияр – болашағынан үлкен үміт күттірер өрен. Жас суретшінің ата-анасы 25 жыл бұрын Германияға көшіп кеткен Болат Мекебаевтың Елордаға келгенін естіп, батасын алуға ниеттеніпті. 

«Мен Германияда 25 жыл тұрдым. Жаныңа не керек, бәрі бар. Тамағыңды беріп жатыр. Ақшаңды төлеп жатыр. Бірақ қазақтар үшін кішкене қиындау. Салт-дәстүр басқаша. Ол жақтың адамдары кішкене қаттылау, салқындау. Біз, қазақтар, бір-бірімізге жанымызды беруге дайын тұрамыз ғой»,-дейді Болат Мекебаев. 

Берлиндегі қазақ суретшісін бүкіл әлем таниды. Бірқатар мемлекетте оның 30-дан аса көрмесі өткен. Өнер иесі жайлы «Қазақстан әлемі» атты кітап шығарылды. Бірақ ол өзінен гөрі ұлтының асқақтағанын жөн көреді. Сол себепті Германия астанасында Абайдың ескерткішін ашуға барын салды. 

«Бұрыннан ойда жүрген идеямыз осы жылы жүзеге асты. Қайрат деген жақсы жігіт демеуші болды. Абайымыз ел астанасы Берлинде тұр»,-дейді суретші.

Болат Мекебаев қылқаламды ғана емес, құр қаламды да серік етеді. Оның Қазақстандағы немістер жайлы романы көпшілік көңілінен шықты. Елге оралуды жоспарлап жүрген ол осы тақырыпта фильм түсіруді армандайды. 

«Қазақстанда немістер көп тұрады. Қазақша әнді де керемет айтады. Бәке, бізге бір көркемфильм керек дейді. Ол ұсыныстарын әлі ұмытқам жоқ. Қазақ пен неміске ортақ бір туынды дүниеге әкелуді ойлап жүрмін,-дейді Б.Мекебаев. 

Болат Мекебаев бұл сапарында елге 20-дан астам суретін ала келген. Жеке көрме елорда мен Көкшетау жұртшылығына ұсынылады. Адамзатты толғандырған мәселелер бейнеленген туындылар көрерменді тәнті етері сөзсіз.