ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Алматыда қоғам белсенділерімен кездесті

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Алматыда қоғам белсенділерімен кездесті
Cурет: Daz.asia

Жиын барысында этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты қолдау бағдарламалары түсіндірілді, - деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Мәжіліс депутаттары Ирина Смирнова, Анатолий Бойчин және Ғазиз Құлахметов жұмыс сапары аясында жастар өкілдерімен (оның ішінде жұмысшы жастар, жастар арасындағы бейресми көшбасшылар, белсенділер), қоғамдық пікір көшбасшыларымен, Қоғамдық келісім кеңесі мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерімен, жалпы білім беру мекемелері мен колледждердің басшылығымен, оқытушылар құрамымен, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен, діни қызметкерлермен және ғибадат мекемелерінің қызметкерлерімен (имамдар, діни қызметкерлер және т.б.) кездесулер өткізді.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы журналистер клубымен, басқа да БАҚ өкілдерімен дөңгелек үстелде жиналды. Онда этносаралық журналистиканың даму мәселелері, заманауи патриоттық сезімді тарату жолдары қаралды.

«Ақпараттың бүгінгі қоғамдағы маңызды рөлін, ондағы журналистердің атқарар рөлін ескерсек, оларғы жүктелген жүктің ауыр екені сөзсіз. Қоғамда өзіндік көзқарасы бар, білімі бар, шығармашылығын шарықтата білген журналистер аз емес. Сонау 2000-жылдарда ақпараттық кеңістікте қазақ тіліне сұраныстың аздығы сезілгенімен, өмірдің көшімен, лебімен қазақ тіліне деген сұраныс ұдая артып отыр. Әлі де осы бағытта жұмыс істеуіміз қажет», - деді Ғазиз Зйнел-Ғабиденұлы.

Одан бөлек, тұғырлы Тәуелсіздік мерекесін атап өту шеңберінде этносаралық қатынастар мен жалпыұлттық бірлікті дамытуға елеулі үлес қосқан, ерекше көзге түскен жұртшылық өкілдерін Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс грамотасымен марапаттау рәсімі өтті.

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының қатысуымен өткен жоғарыда аталған іс-шаралардың барлығы, ең алдымен, қазақстандық бірегейлік пен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, Қазақстанның этностық топтарының дәстүрлерін, тілдерін, мәдениеттерін сақтау, этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімді қалыптастыру, Ассамблеяның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуде этномәдени бірлестіктердің күш-жігерін біріктіру жөніндегі ортақ міндеттерді шешуге бағытталған.