Қос алаяқ қазақстандықтарды 17 млн теңгеге алдап кетті

Қос алаяқ қазақстандықтарды 17 млн теңгеге алдап кетті
Сурет: Polisia.kz

Алаяқтар іс-әрекеттерін республика бойынша іске асырған

Қазақстандықтарды қос алаяқ 17 млн теңгеге алдап кетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жыл басынан бері Қарағанды қаласының ПБ-на интернет-алаяқтардың арбауына түсіп қалған қала тұрғындарынан өтініштер түсе бастады. Алаяқтар ақпараттық жүйені пайдалана отырып, шағын несие ұйымдары арқылы 105 мың теңгеден 140 мың теңгеге дейін несие рәсімдеп алып отырған.

Жедел іздестіру іс-шараларының барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдіктілер – 26 жастағы екі ер адамды анықтап, ұстады. Олардың барлығы да Шымкент қаласының тұрғындары. Күдіктілер банк карталарын пайдаланып, жалпы сомасы 17 миллион теңгеге жуық материалдық шығын келтірген.

Іс-әрекеттерін республика бойынша асырған. Полицейлер күдіктілердің интернеттегі алаяқтық бойынша 150 фактіге қатысы барын анықтауда. Полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғады. Сот қылмыскерлерге қамауға алу түріндегі жаза тағайындады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.