ҚМДБ жұмыс тобы құрбандық малының бағасын бақылайды

ҚМДБ жұмыс тобы құрбандық малының бағасын бақылайды
Сурет: Мuftyat.kz

20 шілде – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы көптеген мұсылман елдерінің ғұламаларымен кеңесіп, осындай пәтуа қабылдады.


Ислам дінінде зұлхижжа айының алғашқы он күні қасиетті күндер саналады. Һижри жыл санауы бойынша 1442 жылдың зұлхижжа айы 11 шілде күні басталды. Ал арапа күні 19 шілдеге сәйкес келеді. 


Бас мүфтидің бастамасымен қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай ҚМДБ Орталық аппаратында арнайы жұмыс тобы құрылып, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша құрбандыққа шалынатын мал бағасын нақтылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz


Биылғы «QURBAN-2021» жобасы бойынша құрбан шалуды ұйымдастыру жұмыстарына жауапты ҚМДБ жұмыс тобы елордадағы «Баракат», «BIG Шанхай» және т.б мал базарларын аралап, жергілікті қой сатушылармен кездесті.


Кездесу барысында жұмыс тобы сатылымдағы қойдың бағаларын нақтылады. ҚМДБ аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы мемлекет тарапынан рұқсат берілген жағдайда биыл құрбан шалу рәсімі екі жолмен жүзеге асатынын айтып өтті. Сонымен қатар Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұл жергілікті қой сатушыларға құрбандыққа шалатын малдың шариғат талабына сай болуын түсіндірді.