Қырғыз елінде Қазақстанның мәдениет күндері өтуде

Қырғыз елінде Қазақстанның мәдениет күндері өтуде
Сурет: Іa-centr.ru

Мәдениеттің шекарасы кең

Қырғызстанда Қазақстанның мәдениет күндері өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. Qazaqtv.com сайтына сілтеме жасап.

Опера ариялары, әуезді де әуенді әндер, авторлық кино және мұражай көрмелері. Қырғызстанда Қазақстанның мәдениет күндері өтуде.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған бағдарлама шымылдығы отандық киноөндірістің тың туындыларымен түрілді.

Тарихи мұра, ұлттық болмыс пен құндылықтарымыздан сыр шертетін танымдық фильмдер көрсетілімі Бішкектегі «Манас» кинотеатрында өтті.

«Біз бауырлас елміз. Бір-біріне қазақ пен қырғыздан жақын халық жоқ деп айтуға болады. Бізге бір-бірімізді түсіну үшін аудармашы қажет емес. Себебі тіліміз ұқсас, тарихымыз, дініміз, дәстүрлеріміз де ортақ. Еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында халқымыздың бірлігін нығайтатын, достыққа үндейтін осы тектес шаралар көбірек болсын деп тілеймін», - деді Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

Қырғызстандағы Қазақстан мәдениеті күндерінің ресми ашылу салтанатына орай ұлттық филармонияда гала-концерт ұйымдастырылды.

Қырғыз жұрты қазақстандық сахна саңлақтарының шығармашылығымен жақын таныс. Сондықтан сүйікті әндерін қосыла шырқап, жылы лебіздерін білдірді. Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров мәдени кештің құрметті қонағы болды.