Қазақстанда «Қазақ медиақауымдастығы» құрылды

Қазақстанда «Қазақ медиақауымдастығы» құрылды
Сурет:Сmd.hse.ru

Қауымдастыққа бірнеше ақпарат агенттігі кіреді.

Ақпараттық алаңда өзіндік бағыт-бағдары бар, тұрақты аудиториясы қалыптасқан қазақтілді сайттар, газет-журналдар бас біріктіріп, «Қазақ медиақауымдастығын» құрды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Жаңадан құрылған «Қазақ медиақауымдастығының» президенті болып сайланған журналист Думан Бықай қазақтілді аудиторияның бұрынғыдай бұйығы емес, керісінше, белсенді болып келе жатқанын атап өтті.

«Бүгінде той-бизнес пен шоу-бизнестің төңірегіндегі контент уақыттың елегінен өтпеді. Өйткені оқырман өзгерді. Есейді. Кез келген шешімді қазақтілді ортаның қас-қабағына қарап қабылдайтын заман келе жатыр. Осы ретте соңғы кезде қастерлі құндылықтарымызға тіл тигізген әрекеттердің жиілеп кеткенін ескерсек, оларға қарымта қайтарып, тосқауыл қоюдың да өз тетігі болуы керек екенін ұмытпау қажет», – деді Думан Бықай.

Қауымдастық басшысы сондай-ақ еліміздегі квазисектордың әлі күнге дейін өз әлемінде өмір сүретінін, қазақтілді медиамен қойын-қолтық жұмыс істейтін ұлттық, шетелдік компаниялар жоққа тән екеніне тоқталды.

«Қазақ медиақауымдастығы» осы олқылықтың орнын толтыруды көздеп отыр. Қазақтілді сегменттің сатып алу қабілеті төмен деген стереотиптен арылатын кез келді деп санаймыз. Қауымдастықты ақпараттық алаңдағы билік пен қаржы институттары санасатын белді, белсенді құрылымға айналдыруды көздеп отырмыз», – деді Д. Бықай.