Қазақстанда көші-қон көрсеткіші азайды

Қазақстанда көші-қон көрсеткіші азайды
Сурет: Pikabu.ru

Карантин кезінде Қазақстанға кім көшіп келді? Кімдер елін тастап, сыртқа кетті?

Almaty-akshamy.kz Finprom.kz сайтына сілтеме жасай отырып, коронавирус кезіндегі  көші-қон көрсеткіші  жөнінде хабарлайды.

Алғашқы тоқсанның қорытындысы бойынша, елімізге 2,1 мың адам көшіп келген, бұл өткен жылмен салыстырғанда, 51,6%-ға аз. Ал көшіп кеткендердің саны 5,5 мың адам, бұл көрсеткіш те алдыңғы жылға қарағанда 24,9%-ға кем.

Қазақстанға көшіп келгендердің 1,6 мыңы— еңбекке жарамды азаматтар. Елімізден кетіп қалған еңбекке қабілетті адамның саны бұдан көптеу  —4 мың. 15 жастан кіші  204 бала көшіп келсе, осы жас мөлшеріндегі 1,3 мың бала көшіп кеткен.  

Көшіп келгендердің арасында 204 адам жұмысқа орналасу мақсатымен, ал 11 адам оқуға келген. Еліміздің  301 тұрғыны жұмыс іздеп, сыртқа кетсе, 53 шәкірт білім іздеуге аттанған.

Анықтама үшін: 2020 жылғы осы уақытта елімізден 7,3 мың адам кетіп,  4,3 мың адам көшіп келген болатын.

Қоныс аударғандардың 82% -ы ТМД елдеріне кеткен, 4,5 мың адам, бұл былтырғымен салыстырғанда 31,2% -ға аз. Оның ішінде 4,4 мың адам Ресейге көшкен. Қоныс аударушылардың басым бөлігі Өзбекстан мен  Беларуссияға кетіп жатыр.

Әлемнің басқа елдеріне 18% эмигрант қоныс аударған, бұл 995 адам, былтырғыдан 30,2%-ға артық. Оның 745 -і Германияға кеткен. Израиль мен Польшаға қоныс аударушылар көп.

Ал ТМД елдерінен келгендердің саны 1,7 мың адам, бұл былтырғыдан 43,6%-ға аз. Соның ішінде 851 адам Ресейден,  518 адам — Өзбекстаннан, 125 адам — Қырғызстаннан келген.

ТМД құрамына кірмейтін басқа елден көшіп келгендер саны 350 адам, бұл былтырғыдан 3,5 есе аз. Көбісі Қытай, Түркия мен Ауғанстаннан келген.

Елден кеткен 15 жастан жоғары еңбекке жарамды адамның көбі техникалық мамандықтардың иелері. Биылғы үш айдың көрсеткіші бойынша, елімізден 933 адам көшіп кеткен, бұл былтырғыдан 25,3%-ға кем. Сондай-ақ елімізден сыртқа 466 экономист, 249 педагог, 186 медицина қызметкері, 113 заңгер көшіп кеткен.

Ал елімізге келгендердің ішінде 244 техникалық маман, 126 экономист, 70 педагог, 62 медицина қызметкері, 48 заңгер бар.