Қазақстанда ауасы ластанған 10 қала аталды

Қазақстанда ауасы ластанған 10 қала аталды
Сурет: Informburo.kz

Еліміздегі мегаполистердің бәрі ауасы ластанған қалалар қатарында

Қазақстанда 45 өнеркәсіптік қала бар және оның 10-ында атмосфералық ауа ластануының ең жоғарғы деңгейі тіркелді. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Климаттың өзгеруі мен көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу мәселелерінің шешімін экологиялық проблемаларды шешу арқылы таба аламыз. Қазақстандағы негізгі экологиялық проблемалар атмосфералық ауаның ластануы, жерүсті сулары және қалдықтармен жұмыс істеу жүйесінің нашарлығы болып отыр», - деді министр Үкімет отырысында.

Атмосфералық ауа мониторингіне сәйкес, 45 өнеркәсіптік қаланың ішінде 10-ы атмосфералық ауа ластануының жоғары деңгейін көрсетуде. Олар – Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент қалалары.

«Ластанудың басты себептері – жабдықтардың тозуы, зауыттардағы шаң тазарту қондырғылары жұмысының тиімсіздігі, жаңғырту мен қайта құрудың болмауы және көмірді пайдалану. Жерүсті суларының ластануының негізгі себебі – кәріздік-тазарту құрылыс жайларының тозуы болып отыр. Ал қалдықтармен жұмыс істеу саласында қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкес келмеуі, оларды өңдеу деңгейінің төмендігі және стихиялық үйінділер проблемалары өзекті болып тұр», - деді С. Брекешев.