Қазақ халқының бағы үшін туған дарын иесі

Қазақ халқының бағы үшін туған дарын иесі
Almaty.tv

Алматыда  Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияның камералық залына Халық қаһарманы, күйші-композитор Нұрғиса Тілендиевтің аты берілді, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz      

Салтанатты іс-шараға марқұмның жары Дариға, қызы Дінзухра Тілендиева және мәдениет саласының өкілдері қатысты. Қонақтар күйші-композиторды еске алып, ұлттық өнерге сіңірген өлшеусіз үлесін айтты. Ескерткіш тақта қойылған Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филормониясында композитор «Отырар сазы» ансамблін құрып, оркестр деңгейіне көтерген еді.  

Сондай-ақ мемориалды тақтаның ашылу салтанатына қатысқан көпшілік Нұрғиса Тілендиев атындағы мұражайдың экспонаттар көрмесін де аралады. Көпшілік оның қатал да сырбаз мінезін еске алды.

«Нұр-ағаңның өмірінің жартысы осы залда өткен шығар. Біздің қазақ деген халық аман тұрғанда, Нұр-ағаңның аты еш өшпейді деп сенемін. Оның еңбектері – өлмейтін өнер», – деді Нұрғиса Тілендиевтің жары Дариға Тілендиева.

«Ол кісі – феномен. Қазақ халқының бағы үшін туған дарын иесі», – деді ҚР ҰҒА академигі, мемлекет және қоғам қайраткері Оразалы Сәбден.