Қала күні қарсаңында: Мәдениеттің, руханияттың қаласы

Қала күні қарсаңында: Мәдениеттің, руханияттың қаласы
kp.kz

Жуырда ару Алматы күнін мерекелейміз. Сан бояулы, мың жасаған шаһардың бет-бейнесі күн санап көркейіп, түрленіп келеді. Сондықтан кім-кімнің де Алматы туралы айтары болуы заңды. Бүгін біздің төрімізден шаһардың мәдени, рухани келбетін жасауда аянбай еңбек етіп жүрген театр артистері сөз алады.  

 

Айдос БЕКТЕМІР, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртісі:

 

Алматыдай қала жер бетінде көп емес. Шаһардың орналасқан жерінің өзінде  қолмен жасағандай табиғи сұлулық бар. Бейнебір Алатаудың алақанында орналасқандай көрініс береді.

Алматы – мәдени қала. Біздің шаһардай үлкен мегаполисті мәдениет пен руханият ордасын қазақ өнерінің шаңырағы әкемтеатр – М.Әуезов атындағы академиялық драма театрынсыз елестету, әсте, мүмкін емес. Театрдың  мәдени өркендеуіне үлес қосып келе жатқанына да ғасырға жуық уақыт болды.

 

Әсем ҚАШАҒАНОВА,  Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы:

– Алматы – мен үшін ең әсем қалалардың бірі. Қыркүйектің үшінші аптасында жыл сайын қала көлемінде тойланатын Қала күнімен тұрғындар мен қонақтарды шын жүректен құттықтаймын. Қазіргі пандемиялық жағдайға байланысты қаламыздың мәденитіне көптеген өзгеріс енгізіліп,  бірқатар жаңалық болып жатқанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Індеттің өршуіне жол бермеу үшін жасалған  шектеулерге байланысты қаламызда ғана емес, әлем бойынша әртүрлі шаралар қолға алынды. Театрлар, музейлер, тағы да басқа мәдени ошақтар уақытша жабылып, келушілерге шектеулер қойылғанымен, театр сүйер көрермен мәдениет пен өнерден қол үзіп қалған жоқ. Қала тұрғындары мен қонақтары  үшін театр пандемия кезінде де онлайн режимде қызмет етті.

 

Нұржамал ӘБІЛҚИЯСҚЫЗЫ, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы:

Еліміздегі мәдени, өнер қаласы деп алдыңғы  қатардағы шаһар – Алматыны айта аламын. Қаладағы басты мәдениет ошағы –  театр. Театрлардың  жылдан-жылға көрермені артуы қуантады. Әрбір қойылған қойылымның өз көрермені бары рас. Демек, қала тұрғындары, әсіресе, жастар арасында театрға деген ықылас ерекше деген сөз. Қойылым арқылы ұлттық құндылықты дәріптеп, көрерменге рухани әсер қалдырсақ,  бұл –  біздің қала мәдениетіне қосқан үлесіміз деп білеміз. Шаһардың рухани-мәдени дамуында театрдың алар орны қашан да ерекше болып қалмақ.

 

Сұхбаттасқан Гүлжанат СЕМБАЕВА.