Көлік бұзақылары мазаласа, сенім телефоны арқылы шағымдануға болады

Көлік бұзақылары мазаласа, сенім телефоны арқылы шағымдануға болады
Cурет: Massaget.kz

Қалада алдынғы шептегі полиция бөлімшелері апта сайын рейдтер жүргізеді.

Алматы полициясы азаматтардың көлік бұзақыларына шағымдана алатын «сенім телефонын» іске қосты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Алматы қалалық полиция Департаменті Баспасөз қызметі мәлім еткендей, қолайлы ауа райы жағдайының басталуымен көлікті жылдам және қатты жүргізуді жақсы көретіндер де белсенді бола бастаған. Бұл өз кезегінде жол қозғалысы ережелерін бұзуға әкеп соғады және көп жағдайда тұрғындардың тыныштығын бұзады, әсіресе түнгі мезгілде елдің мазасын алады.  

«Жастар қауіп тудыра отырып, қала көшелерінде жарыс ұйымдастырады.  Сонымен қатар, олар көліктерін қайта жабдықтайды, тыйым салынған жабдықты, оның ішінде әсіресе түнде қатты дыбыс шығаратын резонаторларды орнатады.  Бұл қала тұрғындарының әділ сынына себеп болады», - деді Алматы қаласы ПД жергілікті полиция қызметі Басқармасының бастығы, полиция полковнигі Манап Саттаров.

Сонымен қатар оның айтуынша, мұндай фактілерді жою үшін алдынғы шептегі полиция бөлімшелері апта сайын рейдтер жүргізеді. Құқық бұзушылықтарға жылдам әрекет ету үшін сенім телефоны да ашылыпты.

«Бұл құқық бұзушылықтарға жедел әрекет ету үшін сенім телефоны құрылды Ол - 87783176845. Біз жарысушылар көп жиналатын жерлерге көптеген жасақтарды шоғырландырамыз және кез келген заңсыз көріністерді жоямыз.  Осы жұмыс барлық жерде жалғасын табады. Бұл шаралар жолдардағы қауіпсіздік деңгейін жақсартуға бағытталған», - деді Манап Саттаров.