Ізгіліктен үміт үзбеңіз

Ізгіліктен үміт үзбеңіз
Сурет: Successful-city.com

Игі ойлар көңілді жадыратады

«Әр адам күніне тым болмағанда, бес минут ақымақ болады. Ақылды адам атанудың жолы – сол лимитті азайту» депті данышпан Дейл Карнеги. Расында солай. Қазір айналаға көз жіберсеңіз, небір ақылды, білімі мен білігі келіскен жастарға көзіңіз түседі. Шетінен мықты. Ылғи «сен тұр, мен атайын» дейтін қаракөздеріміздің қатары артқан. Бұл өте қуанарлық жағдай. Ғылым мен техниканы игерген, сауатты, шет тілдерінде сайрайтындарды көріп таңданасыз. Бір жағынан сүйсініп, қазақтың ұл-қыздарының құлшынысына сондай разы боласыз. Бәлкім, мұны мына нарықтық заманның, бәсекелестік кезеңнің артып бара жатқанымен байланыстырсақ, артық емес шығар. Өйткені, әрбіріміз күн көруіміз керек. Егер өзіңізге бұйырып тұрған затқа қол созсаңыз, онда ол жақындай түседі. Бірақ осы аталғанның бәріне тек қана жете білу қажет. Ол үшін талпыныс түгесілмеген абзал.

Бізді көптен бері толғандырып жүрген бір ойлар бар. Бұл жөнінде үнемі айтып, кей-кейде, оқта-текте қалам тербеп те жүрміз. Дәлірек айтқанда, бұған дейін тәптіштеп жазбасақ та, іріктеп қағаз бетіне түсірдік. Оның біршамасын жарияладық та. Соның сабағын тарқататын уақыт келді.

Ата-бабамыз жақсыны көрмек үшін дейді. Дәл тауып айтылған нақыл сөз. Сол себепті де игі істер жасау үшін, ең бастысы, біздер өзімізді қайрауымыз керек сияқты. Философтардың меңзейтіні де осы.

Күліп жүруге тырысыңыз...

Адамның жанының жадырайтын кезі ол күле білген шағында. Сатирик Уәлибек Әбдірайымов «өз көңіліңізді өзіңіз көтеріңіз, сізге басқа біреу сырттан келіп көтеріп бермейді» дейді. Сөзінің жаны бар. Шынымен де, айналадағы сәттерден бір ауық ойды бөліңіз. Түрлі комедиялық фильмдер, қысқаша роликтер қарай жүріңіз. Мүмкін болса, Қожанасыр мен Алдар көсе жайындағы қысқаша әзілдерді жаттап алыңыз. Той-жиын, отырыстарға барғанда қажет болмақ. Қазақ «Аузында әзілі жоқтың, қойнында қолшоқпары жүреді» дейді. Дөп табылған сөз. Егер өзіңізді күніге 30-40 минут әзіл көруге, оны һәм қызықты етіп айтуға тырысыңыз. Сонда сергек боласыз. Ісіңіз алға басады.

Қым-қуыт тірлікті жеңіл қабылдаңыз...

Америкалық ғалымдардың айтуынша, адам өмірінің 25 жылы ұйқымен өтетін көрінеді. Ал қытай философы Конфуций «ұйқы деген - кіші өлім» депті. Мейілінше, ұйқы мен тамақты дұрыс жоспарлаған дұрыс. Барлығын бір қалыпты режимде ұстаңыз. Сонда сізде әлсіздік пен шаршау болмайды. Мүмкін, қатты шаршаған уақытта көбірек тыныққан да жөн шығар. Мұны әркімнің өз еркіне қалдырдық. Миды қажетсіз ақпаратпен толтырмаңыз. Сөздің тоқ етері, мәселені жеңіл қабылдап үйренген адам бәрінен озбақ.

Түйін

Былай қарап тұрсаңыз, түк қиын нәрселер емес. Барлығын жасауға әрі жүзеге асыруға болады. Тек ниет пен ынта керек. Осы аталғандарды біртіндеп іске асыруға дағдыланыңыз. Бәрі өзіңіздің қолыңызда! Ойға алған істердің орындаларына сеніңіз!