«Тәуелсіздіктің мен үшін маңызы...»

«Тәуелсіздіктің мен үшін маңызы...»
almaty-akshamy.kz

Мөлдір МАЙЛЫБАЕВА, М.Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

– Тәуелсіздік – кез келген адамның, ұлттың, халықтың, елдің еркіндігі. Тәуелсіздік – ең алдымен Қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі деп білеміз. Осынау еркіндігіміздің арқасында ұстаздық қызметті таңдап, білім бағытына бет бұрдым. Тәуелсіздіктің 30 жылында «Білім туралы» үш заң қабылданыпты. 1992, 1999, 2007 жылдары білім беру жүйесінің құрылымы ЮНЕСКО-ның халықаралық стандарттық құрылымына сәйкестендірілген.

Жыл өткен сайын барлық салаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетіні белгілі. Сондықтан да болар  біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Осынау жылдар ішінде егемен еліміз әлемдік аренада өзіндік орнын таба білді. Қазақстан Республикасы дамыған елдер қатарына еніп, халықаралық қатынасы, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі, экономикалық-әлеуметтік жағдайы оңалды.

Бүгінгі күні мұғалімдердің арасында қағазбастылық жойылды. Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты оқушыларға барынша жағдай жасалып, білім жүйесі жақсара түсті. Алматының өзінде биылғы оқу жылында алпыс мыңға жуық компьютер алынып, мұғалім мен оқушыларға таратылды.

Қала әкімдігі қаржы бөліп, қаладағы барлық оқушыны оқулықпен толық қамтамасыз етті. Одан бөлек, білім саласына көңіл бөлініп, Президенттің тапсырмасымен мұғалімдердің жалақысы да көбейіп жатыр.

Биылдан бастап педагогика саласында оқитын болашақ мұғалімдердің шәкіртақысы 42 мың теңге болды. Нық қадам жасап, келешекте ұстаз болу — үлкен мәртебе дейтін күнге жеткелі тұрмыз.  Сапалы білім берілуі үшін Білім және ғылым министрлігі 25 жоғары оқу орнын лицензиясынан айырды.

Әрине, әртүрлі сала бойынша қарады. Осылай-осылай, «диплом саудасы» да тоқтарына сенемін. Себебі бұл мәселені Президенттің өзі бірнеше рет көтерді, министрлік те соған сай жұмыс істеп жатыр.

Тәуелсіз елдің тәуелсіз ойлай білетін жастарына тәрбие мен білімді қатар беретін құрметті ұстаздардың мерейі үстем болып, егемен елімізде білімді жастардың саны артса деймін.