Жолың болсын, жолаушы!

Жолың болсын, жолаушы!
Суреттерді түсірген - автор

Айналаға қарасаңыз, ерсілі-қарсылы жүйткіген көліктер, оның ішіндегі адамдарда да сан жоқ. Білесіз бе, автобус үстінде де өмір бар ғой. Қоғамдық көлікте келе жатып талай адамды көресің, кей қылықтарына күліп аласың, жымиясың. Ыңылдап ән де саласың, арасында мұңаясың, тіпті «аяғымды басып кеттің» деп әлдекімге ренжисің.

БАЛА

Үйіме жеткізетін жалғыз автобусқа кірдім. Мені көрген 4-5 жастағы ұл бала:

– Сізге орын берейін бе? – деді елп етіп. Зерек, сергек сондай! Жап-жарық бала! Қарсысында 4-5 айлық баламен анасы отыр екен. Маған қарап жымиды, ұлы үшін қуанғаны.

– Жоо, отыра бер, балам, аяғың ауырады ғой, – дедім риза кейіппен. Шын мәнінде, қатты шаршап келе жатқанмын. Бірақ балдырғанның бір ауыз сөзі жаныма шуақ болып құйылды.

Баламысың деген, әлгі балдырған шешесіне бірдеңелерді айтып, бөпесін күлдіріп, одан көзін тарс жұмып алып терезеден ескен жамал желге бетін төсеп, сосын бір сәт бетін қайта-қайта сүйе берген күнмен ойнап кетті.

Ал әріректе құлаққап таққан, кепка киген екі бозбала отыр, менен көзін көлегейлеп...

ҰЛ

Күні бойы табанымнан тозып, бір шаруалармен көп жүріп, шаршап отырған едім. Автобуста. Бағдаршам түбіндегі, ақ жаулықты анасының шалғайындағы әлденені қаққылап, тазалап жатқан отыздар шамасындағы ұлды көріп, сүйсінгенім-ай! Жаным жадырап сала берді. Керемет көрініс енді ол! Оны тек көзбен көру керек.

Екеуі жетектесіп, ауылдан келгендері көрініп тұр. Қала көшесінде жүрмін деп сіресіп тұрған ұл жоқ, еңкейіп алып шешесінің етегіне тиген әлденені алақанымен қаққылап жатыр, қаққыштап жатыр.

Баласы жақсы адамдар ешқашан қартаймайды!

АПА

Автобус кілт тоқтады. Іштегі жолаушылар түгел алға қарай ошарыла еңкейіп, қайта тіктеліп алдық. Орта жолдан қол көтерген біреуге тоқтады-ау. Айқара ашылған есіктің алдына кеп таяған 50-лердегі әйел:

– Болсаңшы, тез, күтіп қалды ғой! – дейді сырттағы біреуге. «Сырттағы біреу» – 80-ге таяп қалған, таяққа сүйенген апа екен, анасы болар, ұқсастық бар.

– Ойбууй, мына аяғы құрғыр бастырмайды ғой сол, – деп, жолаушыларды күттіріп қойдым ба дегендей ыңғайсызданып кіріп келеді автобустың тепкішегінен көтеріліп әлгі апа.

Терезеге көз салып отыр. Талғар тауларына сүйсініп:

– Мынау таудың етегінде тұрар ме еді, шіркін! – деп қояды. – Бұл жақта су бар ма, су жоқ деп естіп едім?

– Бар ғой, апа. Су болмаса осынша халық тұра ма, үйлердін қарасаңыз, кілең коттедж, – деймін.

Құлағында ай сырғасы күнге шағылыса жарқ еткен апа:

– Е-е, дұрыс айтасың. Тіршілік жақсы ғой деймін. Алма, алмұрт ағаштары көп деп естимін, – деп бір қойды.

Бір кезде автобусымыз кілт тоқтап, кідіріңкіреп қалды.

– Не боп қалды екен? – деп жолаушы апамыз жүзін терезеден бері бұрып, алға қарай көз тастады.

Тас жолда бес аппақ қаз кетіп барады екен, мойындарын паңдана көтеріп алған, екі бүйіріне кезек-кезек шайқатыла аударылып, аяқтарын маң-маң басып асығар емес. Лезде кептеліс жасап үлгеріпті өздері.

– Жүрістерін қара, асықпайды өздері! – деп балаша күліп қойды апа.

Қонаққа келе жатқан сияқты. Үстіндегі қамзолының түсі мен басына тартқан орамалының жиегінде өрнек бір- бірімен әсем үйлесіп тұр. Қамзолының қапсырмасы да күн көзімен шағылысып жалт-жұлт етеді. Талғампаз кісі екен. Балалары да жақсы болып тұр-ау! Әдемі болу деген осы.

ТӘРБИЕ

65-автобуста. Ер адам мен одан жастау әйел бір-біріне «сіз отырыңыз», «жооқ, сіз отырыңыз» деді де қалды. Ақыры ер кісі отырды. Желке тұсымнан естіп отырмын әңгімелерін.

– Қыздарға білдіре қоймаушы едім, аяғымның ауыратынын, «годы берут свое», – деді еркек.

– Қазіргі жастарда ұят жоқ. Құлағына «наушнигін» тығып алып, бетіңе бажырайып бір қарап қойып отыра беретін болған. Сана да, тәрбие де жоқ, – деді әйел.

– Вот, дұрыс айтасыз. Тәрбие жоқ, үлкенге орын беруді білмейді. Мектепте соны үйретпейді. Қайда қарап отыр сонда мектеп?! – деді еркек.

Екі-үш аялдамадан кейін әлгі әйелмен қоштасып, бала тәрбиесін мектепке артып қойып кетіп бара жатқан еркекті көріп қалайын деп, артыма бұрылып қарадым. Үстіне джинсы куртка, джинсы киген сықиған еркек, қолында қолшатыр. Екі-үш аялдамаға бола неге отырды өзі ендеше, әйел затына орын бермей?!

ДЖЕНТЛЬМЕН

Жас ерлі-зайыпты мінді. Күйеуі әйеліне:

– Сен төлей салшы, менде тиын жоқ, – деп қабағын түксите әрірек өте берді.

Бір аялдамадан соң кәрі орыс еркек кемпірін қолтығынан сүйеп кіргізді автобусқа. Бос орынға отырғызып болып, өзі күртешесінің төсқалтасынан екі «Оңайды» шығарып, бірінен соң бірін терминалға «бипілдетіп» басты да, екеуін қайтадан төсқалтасына салып, кнопкасын сырт еткізіп жауып, ары қарай маңғаздана өте берді.

Джентльмендік жас-кәріге қарамайды!

БАҚЫТ

Ұрттап алған жігіт ағасы:

– Мынау апаға орын бермейсің бе? – деді қарсы алдында телефон шұқылап отырған көзілдірікті келіншекке.

– Ішімдегі сегіз айлық баламды қайда отырғызады екем сонда?! – деді басын телефоннан жұлып алған жас әйел.

Ойбууй, жүктілік – ауырлық па екен, ол бақыт қой! Басқа бір келіншек болса:

– Аға, ренжімеңіз, аяғым ауыр еді, – дер ме еді ізет сақтап. Кім білсін.

ЖАҢБЫР

Жұмысқа жеткенше ұзақтау жүремін. Сондықтан отыратын орын іздедім.

Отыздан асқан жігіт пен қыз қатар отыр екен. Шашы бұйра қыз терезеге бетін бұрды, ал жып-жылтыр басына (әлде шекесіне) қап-қара көзілдірігін іліп қойған, көзінің шарасы үлкен жігіт маған қарады. Жүзі суық екен. Бірақ отыра берді.

Ұзақ жүрдік. Қыз түсуге ыңғайланды. Дүйім елдің көзінше екеуі сүйісіп қоштасты. Жігіт оны автобус терезесінен де ұзатып салды.

Сәлден соң шырттай киінген, қап-қара киімдеріне алаудай қызыл кроссовкиі әдемі үйлесіп, түсіп бара жатқан, сұлулығы ішіне емес, сыртына ғана біткен жігітті мен де терезеден ұзатып салдым.

Таңғы жаңбыр сіркіреп тұр. Күн бұлтты. Денем тоңазыды. Ертең жылылау киініп шығу керек екен. Күз ызғары бар. Әлгіндей адамдар да ызғарлы...

МЕЙІРБАН

Кезекті аялдамадан жүгі көп бір әйел автобусқа міне алмай жатыр. Сүйрететін темір арбаға артып, бірнеше жерінен байлап қойған үлкен пакеті, 5 литрлік суы, қолына ұстаған бөлек тағы бір пакеті бар. Автобус жүріп кетіп қалып қоярмын дегендей жанталаса ентелей кіріп келе жатқандықтан есікке сыймай жатыр әлгі заттарымен. Жүргізуші күтіп тұр.

– Таң атпай құдалыққа шыққансыз ба, немене, мына жерді көшіріп жібердіңіз ғой, – деп әзілдеді орта жастардағы шопыр.

Салондағылар күліп жатыр. Әйел де еріксіз күліп жіберді.

Автобус жүйткіп келеді. Жүргізуші ойланып кетті ме екен, кезекті аялдамадан біраз өтіп барып кілт бұрылыс жасап тоқтады. Кейіндеу қалып қойған бір әйел ентіге жүгіріп жетіп, рахметін жаудырып жатыр.

– Көрдіңіз бе, мен сіз үшін маневр жасап барып тоқтадым ғой, – деді шопыр.

Неткен мейірбан жүргізуші!