Жолдау ғылымға серпін береді

Жолдау ғылымға серпін береді
Сурет: Рobedarf.ru

Ғылым жолы - ізгі жол!

Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауы болды. Елдің алдағы жүретін бағытын айшықтады. Кеше М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми кеңесі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты жолдаумен ашылды. Осыған байланысты сауалнаманы ұсынамыз.

Кенжехан МАТЫЖАНОВ, ҚР мәдениет қайраткері, институт директоры:

ЖОЛДАУ БОЛАШАҚҚА СЕРПІН БЕРЕДІ

– Биылғы Жолдаудың жөні бөлек. Маңызы мен мағынасы ерекше. Мемлекет басшысы алдағы жылда атқарылар істердің басын айқындап берді. Біздер ғылым саласымен айналысып келеміз. Әсіресе, гуманитария құнды жәдігерлерден сыр шертеді. Жолдауда ғылымға қарата айтылған дүниелер қуантады. Алда іргелі ғылым тың серпін алмақ. Алға ілгерілейді. Осылайша болашаққа нық қадам басамыз. Сондай-ақ, бізде қастерлі бай фольклорлық һәм әдеби мұралар жетерлік. Жақұт жәдігерлерді терең зерттеу бүгінгі буынның басты парызы. Нәтижесінде, Жолдау ғылымға тың серпін береді демекпіз.

Нұрдәулет АҚЫШ, филология ғылымдарының докторы: 

ЖОЛДАУДА ТЫҢ ДҮНИЕЛЕР АЙТЫЛДЫ

Мемлекет басшымыздың кезекті Жолдауы да нақты істер айтылды. Дәлірек, экономиканы өркендету, ар жағында мәдинет пен өнер саласында бірқатар жақсы өзгерістер болмақ. Соның ішінде өмірін ғылымға арнаған біздер үшін ілкімді пікірлер айтылды. Негізгісі ол – базалық жалақы. Институттар бұдан бұлай 5 жылдық мерзім бойынша жұмыс істейтін көрінеді. Осы аталғандар көптің көңілінен шығып жатыр. Халқымыз зор ықыласпен қабылдауда. Қысқаша айтқанда, ел іргесі бүтін, болашағымыз жарқын болсын!

Айжан ҚҰРМАНБАЕВА, PhD докторант:

ЖАС ҒАЛЫМДАР ЖОЛДАУДЫҢ МАҢЫЗЫН ҰҒЫНУДА

– Ғылым мен ілім ізденіп жүрген біздерге осы жолғы Жолдаудың орны ерекше. Жыл сайынғы атқарылып жатқан игі істер жетерлік. Десе де, ЖІӨ-нің 1 пайызын ғылымға бөлетінін естідім. Көңіліміз бір марқайды. Мұны зор қуаныш санаймыз. Өйткені, 1991 жылға дейін шамамен 44 мың маман жұмыс істеген.  Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, аталған көрсеткіш 8 мыңға шейін төмендепті. Біздіңше, бұдан былай ілім ізденген жастар легі келеді. Олар бұйырса, осы саланы дамытады. Болашақтың кілті – білімді, білікті, алғыр әрі патриот қаракөздеріміздің қолында. Ендеше, ел ертеңіне сеніммен қарауға шақырамын. Алар асуымыз алда болсын!

Ғұлама данышпан бабамыз Жүсіп Баласағұн: «Үйренер нәрсең – білім және ұғым», – депті. Тегі рас дүние! Жоғарыдағы пікірлерді топшылай келгенде, осыған саяды. Халық игілігі үшін жарияланған Жолдау елдің ертеңін айшықтай беруіне тілектеспіз.