Жол апатынан қаза тапқан балалардың саны көбейген

Жол апатынан қаза тапқан балалардың саны көбейген
Сурет: интернеттен

ІІМ ата-аналарға ескерту жасады.

Жыл басынан бері жол апатынан қаза тапқан балалардың саны 14%-ға, ал зардап шеккен балалардың саны 3%-ға артты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранованың айтуынша, балалардың жолдағы қауіпсіздігі, әсіресе, оқу жылы кезінде өзекті мәселеге айналады. Ресми мәліметке сәйкес, жыл басынан бері жол апатынан қаза тапқан балалардың саны 14%-ға, ал зардап шеккен балалардың саны 3%-ға артып отыр.

"Зардап шеккен балалардың жартысынан көбі – жолаушылар, ал қалғандары жаяу жүргіншілер болды. Көп жағдайда балалар ересектер тарапынан тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін зардап шегеді. Себебі олар автоорындықтар, бустерлер және адаптерлер сияқты қорғаныс құрылғыларын пайдаланбайды", - деді Боранова.

Бүгінде полицейлер жаяу жүргіншілер кінәлі болатын жол апаттарының негізгі себептерін де анықтады. Олар:

белгіленбеген жерден жолды кесіп өту;

жақындап қалған көліктің алдынан жүгіріп өту;

бағдаршамның тыйым салынған сигналына өту.

Баланың жолдағы мінез-құлқы көп жағдайда ата-анасына байланысты. Бала көргенін істейді. Ата-аналар жол қауіпсіздігі ережелері туралы сөйлесіп қана қоймай, өздері де сақтаса, бала жол ережесін бұзбайтын еді.