Жыл соңына қарай Әуезов ауданының мектептеріндегі орын тапшылығы 600-ге дейін төмендейді

Жыл соңына қарай Әуезов ауданының мектептеріндегі орын тапшылығы 600-ге дейін төмендейді
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Білім ошақтарын пайдалануға беру 2022-2023 жылдарға жоспарланып отыр

Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында жеке мектептер салу және бес мемлекеттік мектепті кеңейту туралы айтып берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz


Спикердің мәліметінше, бүгінде ауданда 33 мемлекеттік (50 855 балаға) және 12 жеке (2505 балаға) мектеп жұмыс істейді. 2021-2022 оқу жылында оқушылардың жалпы контингенті – 53 360 бала.

« 2020 жылы оқушы орындарының тапшылығы 4 699 орынды құрады, бүгінгі күні контингенттің ұлғаюына байланысты тапшылық 5 169 орынды құрайды. Бұл мәселені шешу үшін өткен жылы №6, 117, 121, 132, 133 - барлығы 5 мектепте жалпы 3 600 оқушы орнына есептелген жапсаржай құрылысы басталды. Қазіргі уақытта үш мектепте жұмыс аяқталды, екеуі жыл соңына дейін аяқталады», – деді Әуезов ауданының әкімі.

Сайран Сайфеденов биыл екі жекеменшік мектеп – 160 орындық АВС және 100 орындық «Кемел» мектептері ашылғанын айтты. Жыл соңына дейін тағы да екі жекеменшік мектеп – 400 орындық «Өркен» және 300 орындық Almaty-High school ашу жоспарланып отыр.

Жоғарыда аталған нысандар пайдалануға берілгеннен кейін 2021 жылдың соңында тапшылық өткен жылмен салыстырғанда 4 560 орынға төмендеп, 609 орынды құрайтын болады.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта ауданда 7 мектепті сейсмикалық күшейтуге және күрделі жөндеуге ЖСҚ әзірленуде. Олар - №127, 9, 97, 141, 122, «Білім-инновация», №155 мектеп филиалын қайта құру. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2022-2023 жылдарға жоспарланған.

Мектепке дейінгі білім беруге келетін болсақ, қазіргі уақытта аудан бойынша балабақшаларда тапшылық 8 047 орынды құрайды. Биыл 752 орындық 10 жекеменшік балабақша ашылды.

№23 және №186 балабақшаларда күрделі жөндеу аяқталды. Шағын ауданда балабақша құрылысына ЖСҚ әзірленуде. 120 орынға арналған "Алтын бесік", сондай-ақ, "Ақсай-2" шағынауданы, 2 үй, "Ақсай-2" шағынауданы, 58 үй мекенжайларындағы бөбекжай ғимараттарының сейсмотұрақтылығын күшейту және күрделі жөндеу жобаларын әзірленеді. Нысандарды пайдалануға беру 2022-2023 жылдарға жоспарланып отыр.