Жыл басынан бері 16 мыңнан астам адам протездік-ортопедиялық қызмет алды

Жыл басынан бері 16 мыңнан астам адам протездік-ортопедиялық қызмет алды
www.gov.kz

Жыл басынан бері Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар 16 мыңнан астам адам медициналық-әлеуметтік көрсеткіштер мен қарсы көрсеткіштерге сәйкес әзірленген оңалтудың жеке бағдарламалары негізінде протездік-ортопедиялық көмек қызметін алды, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Портал мүгедектігі бар адамдарға өндіруші мен өнім берушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырысты жеткізу немесе алып кету арқылы алуға болады. Порталда протездік-ортопедиялық қызмет көрсетуден басқа сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар алуға өтінім рәсімдеуге болады.

Ағымдағы жылдың басынан бері Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар 113 мыңнан астам адам оңалтудың техникалық құралдарын, 6 мыңнан астам – ымдау тілі қызметін, 31 мыңнан астам – жеке көмекшінің қызметін алып, 36 мыңға жуық – санаторлық-курорттық жолдамамен емделді және 122 мыңнан астам адам кепілдік берілген әлеуметтік топтамаға тапсырыстар рәсімдеді.

«Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу Мүгедектігі бар адамдардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар шеңберінде қарастырылған. Порталды пайдалану бойынша кеңесті қолдаудың байланыс орталығынан алуға болады, оған тілді таңдап және 4 санды басып,1414 бірыңғай нөмірі арқылы хабарласу керек.