Жетісу полицейлері күзетшіні тонаған күдіктіні ұстады

Жетісу полицейлері күзетшіні тонаған күдіктіні  ұстады
Сурет: Polisia.kz.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Алматы облысының полицейлері күзетшіге шабуыл жасап, тонаған азаматты ұстаған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Ішкі істер министрлігі ресми сайтының дерегі бойынша, кезекшілік кезінде құрылыс компаниясының күзетшісіне шабуыл жасалған. Полицияға шақыру Талдықорған қаласындағы ауруханадан келіп түсті, онда дене жарақаттарын алған ер адам жеткізілген.

Ауруханаға келген тәртіп сақшылары 67 жастағы жергілікті тұрғыннан арыз қабылдады. Оның айтуынша, бейтаныс ер адам күзет күркесінде оны ұрып-соғып, ұялы телефонын, киімдерін, ақшасы бар әмиянын алып кеткен. Жалпы шығын сомасы 97 500 теңгені құрады.

«Оқиға орнына жедел тергеу тобы дереу шықты. Одан әрі оқиға орнында 33 жастағы күдікті азамат ұсталды. Ол бұрын әртүрлі баптар бойынша жауапқа тартылған ШҚО тумасы болып шықты. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде», – деді Талдықорған қалалық полиция басқармасының Шығыс полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Бақытжан Төлеген.

Мамандардың айтуынша, ұсталған азамат кінәсін мойындаған. Қазір ол қамауда отыр.