Жетісулық кәсіпкерлер ауылды көркейтуге үлес қосып жатыр

Жетісулық кәсіпкерлер ауылды көркейтуге үлес қосып жатыр
Сурет: Әкімдік

Медценаттар медпункт пен спорты мектебін салып берді

Жетісу облысында кәсіпкерлер жергілікті жерлердің әлеуметтік мәселелерін шешуге белсене қатысуда. Мәселен, Лесновка ауылында күрес түрлеріне арналған спорт мектебі пайдалануға берілді. Ал Ақсу ауданының Тарас ауылында демеушілік қаржыға медициналық пункт салынды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Тарас ауылында 1973 жылы тұрғызылған ғимараттың орнына жаңа медициналық пункт ашылды. Оны жергілікті «Қыдырәлі» шаруа қожалығының жетекшісі Төлеген Мақашев салып берді. Мұнда фельдшер кабинеті, екпе бөлмесі бар. Кабинеттерде қажетті құрал-жабдықтар түгел. Енді Тарас ауылының 400 тұрғыны осы жаңа медпунктте медициналық көмек алатын болады. 

«Бүгін ауыл тұрғындарымен қатар медициналық қызметкерлер де қуанып отырмыз. Енді мұнда денсаулығына шағымданған жандарға күнделікті көмек көрсетеміз. Қандай шұғыл жағдайда да күндіз-түні қызмет етуге дайынбыз», - деді медициналық пункттің медбикесі Ақмарал Нұралинова. 

Осы маңызды жаңалықпен тарастықтарды аудан әкімі Есім Базарханов құттықтады. Ал Панфилов ауданы Лесновка ауылының балаларына арнап кәсіпкер Айдын Сұлтанов өз қаражатына жаңа спорт кешенін тұрғызды. «Талды» спорт мектебінің аумағы 354 шаршы метр. Мұнда бір мезгілде 50 бала күрес түрлерімен айналыса алады. 

Сыртында жаттығу алаңдары жасалған, іші толықтай қажетті құралдармен жабдықталған. Қазір екі жаттықтырушы шәкірттерін түрлі жарыстарға дайындап жатыр. Бұған дейін балалардың күреспен айналысуына арнайы жағдай жасалмаған еді. 

«Біз бұрын ескі мешітте жаттығатынбыз. Соған қарамастан ауданда, облыста чемпион болдым. Енді бұдан да зор жетістікке жетемін. Мынадай спорт зал салып берген ағаларға рахмет», - дейді жас спортшы Әли Қалиақын. 

Аудан әкімі Марат Сағымбектің айтуынша, бұл - ауданда ашылып отырған төртінші спорт кешені. Барлығын ауылдың қалталы азаматтары өздері салып беруге ниет білдірген. 

«Балалар жылы» аясында атқарылған осындай керемет тартуға ауыл халқы дән риза. Бұдан бөлек өңірде мемлекеттік бағдарламамен Пенжім ауылында 100 орынды және Үлкеншыған ауылында 90 орынды спорт кешендері салынуда.