Жетісу өңірінде газ желісіне қосылу құны реттеледі

Жетісу өңірінде газ желісіне қосылу құны реттеледі
Сурет: Rudnyi-altai.kz

Бұл мәселе алдағы екі айда шешіледі.

Алматы облысында табиғи газ желісіне қосылу құны реттеледі. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев Талдықорғанда өткен брифинг кезінде айтты,  деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Алматы облысында газдандыру тек бюджет қаражатына ғана емес, жекелеген аудандарда инвестиция тарту арқылы да жүргізіліп келеді. Бірақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшылығы мен мамандарының бақылауының осалдығынан кейбір компаниялар газға қосу құнын көтеріп жіберген. Осы баға мәселесіне қатысты бізге халықтан көп шағым түседі. Бірінші кезекте «ЖетісуОблГаз» мекемесіне жаңа басшы тағайындадым. Тәжірибесі бар маман. Қазір ол барлық аудандарды аралап, жағдаймен таныса бастады. Біз газға қосудың өзіндік құнын есептейміз. Сосын әкімдік тарапынан бағаға қатысты тиісті ұсыным беретін боламыз. Әйтпесе, газ желісіне қосудың құны 500-700 мың тг дейін баратын жағдайларды да естіп жүрміз. Алдағы екі айда бұл жұмысты реттейміз. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету жағынан да барлық норамалар мен талаптар сақталуы керек», - деді Қанат Бозымбаев.