Жетісу облысында тағы бір блок-модульді медпункт іске қосылды

Жетісу облысында тағы бір блок-модульді медпункт іске қосылды
Сурет: Ашық дереккөз

Жыл соңына дейін 12 блок-модульді медициналық кешендер іске қосылмақ

Ауылдық жерлердегі медициналық қызмет сапасын жақсарту мақсатында қолға алынған құрылыс нысаны Алакөл ауданының Көкжар ауылында тұрғызылды. Бұл - облыста биылға БМК-дан салу жоспарланған он екі мекеменің жетіншісі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасқан аудан әкімі Алмас Әбдинов, Жыланды ауылының ардагерлер кеңесінің мүшесі Мұратхан Мереев, еңбек ардагері Ілияс Қасымов көпшілікке ізгі тілектерін білдірді.  

Ғимараттың лентасы қиылған соң келушілер мекеменің ішін аралап көрді.  Бұл медициналық пункт Көкжар  ауылының 160 тұрғынына қызмет көрсетеді.  

Жобаның жалпы құны – 39 млн. теңге. Ғимараттың аумағы – 108 шаршы метр. 12 тұрғынжайы бар, атап айтқанда вестибюль, дәліз, дәріханасы бар тіркеу орны, акушерлік қабылдау бөлмесі, егу бөлмесі, процедуралық кабинет, материалдар алу мен зерттеу бөлмесі, орта медициналық қызметкерлер бөлмесі, 2 дәретхана бөлмесі, сол сияқты басқа да тұрмыстық-шаруашылық қажеттіліктегі  тұрғынжайлары бар. Ыстық су, жылу жүйесі жүргізілген, желдеткіш орнатылған. 

Жалпы жыл соңына дейін өңірде тағы 5 блок-модульді кешенді іске қосу жоспарланған. Ақсу, Алакөл, Ескелді, Көксу, Қаратал және Кербұлақ аудандарында жалпы құны 900 млн.теңге болатын барлығы 12 нысан жоспарланған. Мамандардың айтуынша, блок-модульді кешендер берік, қарапайым орнатылатын, ұзақ қызмет ететін құрылыс түрі. Сонымен бірге қолайсыз ауа райына төтеп бере алады, олардың қызмет ету мерзімі 30 жыл деп межеленеді.