Жеңіс Сейдуллаұлы: Жаңа Қазақстанды құруға атсалысу – өскелең ұрпақ алдындағы міндетіміз

Жеңіс Сейдуллаұлы: Жаңа Қазақстанды құруға атсалысу – өскелең ұрпақ алдындағы міндетіміз
Inform.kz

Жаңа Қазақстанды құруға атсалысу – өскелең ұрпақ алдындағы міндетіміз. Мұндай пікірді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы білдірді, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Күні кеше «Qazaqstan» ұлттық арнасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының жаңа сұхбаты жарық көрді. Елдің көкейінде жүрген көптеген өзекті сауалдарға жауап айтылған үлкен сұхбат болды деп ойлаймын. Жаңа Қазақстанды құруға бағыт алған Президентіміздің позициясы, ойлары мен салмақты сөздері көңілді бір серпілтіп, көпшіліктің қолдауына ие болды», - деді ұйым директоры.

Оның атап өтуінше, Президент сұхбатының мән-маңызы тереңде жатыр.

«Президенттің сөздеріне құлақ асып, қолдау көрсетсек, елдегі күрделі мәселелер тез арада өз шешімін табатыны анық. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сұхбатында жақын арада елімізде саяси реформалар болатынын мәлімдеді. Қаңтар оқиғасынан енді ғана ес жиып, қалыпты өмірге оралған халық шынымен де осы реформаларды зор үмітпен күтіп жүр. Халықтың талап-тілегі ескерілген реформалар болатынына сенімім мол. Біз де, өнер адамдары, мәдениет қайраткерлері жаңа Қазақстанды құруға атсалысуымыз қажет. Сонда ғана бірлігіміз бекемделіп, еліміз көркейе түспек. Бұл – біздің өскелең ұрпақ алдындағы міндетіміз», - деді Жеңіс Сейдуллаұлы.