Желіден тыс кибершабуылшылар

Желіден тыс кибершабуылшылар
Сурет: Gov.kz

Президент реформалары: айтылды – жасалды

Цифрландыру – бұл жайлылық пен кең мүмкіндіктер беретін заманауи әлемнің игілігі болса да, мұнда да алаяқтармен бетпе-бет келу мүмкін екенін қаперде ұстаған жөн. Ақпараттық технологияларды кеңінен енгізу киберқылмыс санының көбеюіне әкелді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биылғы жылдың басынан бері құқық қорғау органдары осындай 1,5 мың құқық бұзушылықты тіркеген.

Алаяқтардың құрығына қалай түспеуге болады?

Қалай болса да, күмәнді сілтемелерге жоламаңыз және сізбен байланысқан адам өзін құқық қорғау органының қызметкері немесе банк қызметкері ретінде таныстырса да, жеке деректеріңізді ешкіммен бөліспеңіз. Сонымен қатар, Қазақстанда тіркелмеген немесе ауыстырылған абоненттік нөмірлерден келетін қоңырауларды бұғаттайтын антифрод-жүйе қазірдің өзінде қолданыла бастады. Бұл Ішкі істер және Цифрлық даму министрліктерінің бірлескен жұмысының арқасында мүмкін болды.

«Антифрод» абоненттік қоңыраулар туралы ақпаратты өңдеу арқылы алаяқтардың қоңырауларын бұғаттайды. Арнайы бірыңғай жүйенің көмегімен байланыс операторы нөмірдің белсенділігі туралы деректерді сұрайды және оларды автоматты режимде талдайды. Егер жүйе қоңыраудың шынайы екенін және нөмірдің жалған емес екенін растаса, қауіпсіз байланыс орнатылады.

Байланыс операторларының мәліметінше, 2022 жылы жүйені біріктіргеннен кейін 19 млн-нан астам алаяқтық қоңыраулар бұғатталды, ал биылғы екі айда осындай 8 миллион қоңырауға тосқауыл қойылды. Бүгінде ұялы байланыс операторлары мұндай жағдайларды толығымен жою үшін алгоритмдерді жетілдіруде.