«Жасанды интеллект: суретші немесе машина?»

«Жасанды интеллект: суретші немесе машина?»
Сурет: Қайрат Қоныспаев

Алматыда заманауи инновациялық озық көрме ашылды

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейінің өкілдері Plan B және FARBA (Минск, Беларусь) галереяларындағы әріптестерімен бірлесіп «Жасанды интеллект: суретші немесе машина?» атты көрме ұсынды. Бұл көрмені мамандар Алматыда ұйымдастырылған заманауи инновациялық озық көрме деп бағалап отыр.

 Мұндағы жұмыстардың барлығы жасанды интеллекттің туындысы. Өнерсүйер қауым табиғат, мифология, тарих, архитектура және тағы да басқа өмірлік мәні бар салаларды қамтитын 10 түрлі санатқа бөлінген 120-дан астам суретті тамашалай алады.

Иә, бүгінде нейрондық жүйенің дәурені жүріп тұр. Яғни жаһан, әлем жасанды интеллект жетегінде келе жатыр. Жасанды интеллект дегенді бізге түсінікті болу үшін қарапайым тілмен «адам санасының жасанды көшірмесі» немесе «адам санасы деңгейіндегі компьютер» деуге болады дейді мамандар.

«Нейрондық жүйе» деген ұғым осыдан 150 жыл бұрын пайда болғанда адамның миы мен жұлынындағы нейрондарды зерттеуге қатысты қолданылған екен. Біздің миымыз шамамен 86 миллиард нейроннан тұрады. Ал олардың жиынтығы нейрондық желіні құрайды. Әр нейрон – көптеген дендрит пен бір аксоннан тұратын жеке жасуша. Ондағы аксон тармақталып, ақпаратты бірден бірнеше жасушаға жеткізе алады. Бұл ұғымдарды ары қарай тереңдете беруге арнайы сол саланың маманы болмаса, біліміміз жете қоймас. Біздің айтқымыз келіп отырғаны – жай адамның сол миллиардтаған нейронын іске қоса отырып істейтін күнделікті тірліктерін, жұмыстарын оп-оңай атқара салатын, шаршап-шалдықпайтын, бірқалыпты қызмет атқара беретін жасанды интеллекттің өмірімізге дендеп енгені.

***

Сонымен, нейрондық жүйе – түрлі әрекеттерді істей алатын компьютерлік жүйе. Бұл жүйеде нейрон сандары қаншалықты көп болса, соған сай қиын да күрделі істерді істей береді. Міне, көріп отырғаныңыздай, нейрондық желі сурет те салып береді. Әрі 1 минут ішінде-ақ сала қоятыны тіпті қызық. Ал суретшілер оған 1 күнін немесе 1 аптасын жұмсауы мүмкін.

Иә, нейрондық желі шығармашылық салаға да көп әсер етіп жатыр. Аталған көрмедегі жұмыстардың басым бөлігі жасанды интеллекттің Қазақстанды суреттеуіне арналған. Көрмеге келушілер еліміздің табиғаты, архитектурасы мен мол дастарханы туралы нейрожүйе салған суреттерді тамашалай алады. Әрбір бөлігіне дейін анық көрінетін мінсіз суреттер топтамасының өнерсүйер қауым мен технологияға жақын жандарды бей-жай қалдырмасы анық.

***

Көрме ұйымдастырушылары маңызды жобаларды таныстыру және көрерменге Қазақстандағы нейрожүйе туындыларының тұңғыш экспозициясын бірінші болып ұсынуды өздері үшін мәртебе санайды.

Көрменің басты жобасы – осы іс-шара үшін арнайы жасалған «Цифрлық эволюция» атты иммерсивті фильмі болды. Аталған туынды идеялар әлемі мен материя әлеміне, даму мен эволюцияға деген жаңа көзқарас туралы ой қозғады. Қонақтар мультимедиалық залдың қабырғасы мен едендерінде көрсетілетін фильм арқылы айналадағы болып жатқан құбылыстарды сезінуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ, көрме негізгі экспозияны толықтыратын отандық авторлардың туындыларын да ұсынып отыр.

Ұйымдастырушылар экспозициялармен танысу қызықты болу үшін тақырыптық квесттер дайындап, көрмеге келген адам естелік суретке түспей кетпейтін айрықша фотоаймақтар жасақтап қойған. Бұл қызылды-жасылды әлемге, әдемілікке құмар жастар үшін оңтайлы болып тұр. Келіңіздер! Көрме 30 қарашаға дейін жалғасады.