ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: ОТЫЗ ЖЫЛДЫҢ ОТЫЗ СӘТІ

ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: ОТЫЗ ЖЫЛДЫҢ ОТЫЗ СӘТІ
almaty-akshamy.kz

Мемлекеттік идеологияның бізге аса қажет  бір ірі бұтағы, қомақты тармағы – халықты, ұрпақты  патриотизмге,отаншылдық рухқа,елді, жерді сүюге, қорғауға жұмылдыру.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

2003 ЖЫЛДЫҢ  БАСТЫ  ОҚИҒАЛАРЫ

 

  1. Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы.
  2. Қазақстан, Ресей, Беларусь, Украина арасында Біртұтас экономикалық кеңістік құру туралы келісім-шарт.
  3. ҚР мәслихаттарының сайлауы.
  4. Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының І съезі.

Бұл кезең сонау ХХ  ғасырдың  тоқсаныншы жылдары елімізде басталған  күрделі мемлекеттік құрылымдық, әлеуметтік-экономикалық  реформалардың   мақсатты деңгейіне жеткен  жылы  болды.  Қазақ Елі айналасы небәрі он екі жыл ішінде  тәуелсіздігін бекемдеп, кеңестік бодандықтың сарқыншақтарынан арылып, алға қойған мақсаттарын орындап шығып, нарықтық экономика әлеміне батыл қадам басты. Сыртқы саясатта Қазақстанның көпвекторлық бағдары оның  халықаралық қауымдастықтағы мәртебесін ұлықтаса,  ішкі саясаттағы  әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша  Қазақстан адам басына шаққандағы ішкі өнім бойынша Ресейден кейін екінші орынға шықты. Мемлекет басшысының дәстүрлі Қазақстан халқына Жолдауынан кейін  ұлттық экономиканы түбегейлі  жаңғырту қолға алынды. Үкімет алдында өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салаларында екі мемлекеттік бағдарламаны игеру , экономиканы диверсификациялау арқылы шикізаттық бағыттан  арылу міндеттері тұрды. Сонымен қатар қоғамға «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының  ұсынылуы да  ұлттық рух  пен руханияттың жеңісі  ретінде ел өміріндегі іргелі  оқиғаға айналды.

 2003  жыл, 20-24 қаңтар

Мемлекет басшысы ресми сапармен Швейцария Конфедерациясында болды. Нұрсұлтан Назарбаев пен Швейцария Конфедерациясының Федералды президенті  Паскаль Кушпеннің екіжақты кездесулері нәтижесінде бірқатар уағдаластықтарға қол жетті. Елбасы Давоста өткен  Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысып,сөз сөйледі. Сондай-ақ  Қазақстан Президенті осы сапар аясында  Польша республикасының  президенті А.Квасьневскиймен, Малайзия федерациясының  премьер-министрі  М.Мохаммадпен және тағы басқа да мемлекеттер өкілдерімен жүздесті.

2003  жыл, 17-23 ақпан

Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Ресей Федерациясында болды.  Мәскеуде ақпанның он сегізінде  Ресейдегі Қазақстан күндерінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шарада  Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин сөз сөйледі. Сондай-ақ осы күндері  Қазақстан,Ресей,Беларусь,Украина мемлекеттері басшыларының төртжақты кездесуі өтіп,тараптар  Біртұтас экономикалық кеңістік құру туралы шешім қабылдады.

 2003  жыл, 4  сәуір

Елбасы  Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысына қатысып, өзінің «2004 жылғы ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары» атты Қазақстан  халқына Жолдауын жариялады.

2003  жыл, 6  мамыр

Мемлекет басшысы  Дүниежүзілік Ислам Лигасының бас хатшысы,доктор  Абдалла Бен Абдельмухсин Аль-Түркимен жүздесіп,тараптар Қазақстанда Әлемдік діндер құрылтайын өткізу жөнінде уағдаласты.

2003  жыл, 3  маусым

Елбасы Қазақстанға ресми сапармен келген Қытай Халық Республикасының төрағасы Ху Цзиньтаоны  қабылдады. Екі ел басшылары  Достық және тату көршілік туралы бірлескен Декларацияны бекітті. Сондай-ақ, тараптар  2003 – 2008 жылдар аралығына арналған Қазақстан – Қытай ынтымақтастық бағдарламасына қол қойды.

2003  жыл, 5  шілде

Алматыда  Орталық Азия ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының алқалы басқосуы  өтті. Кездесу  нәтижесінде бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізілді, тараптар   өз мүдделері қамтылған бірлескен Мәлімдеме қабылдады.

2003  жыл, 23-24  қыркүйек

 Мемлекет басшысы  Астанада ашылған  Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының І  съезінің жұмысына қатысып,сөз сөйледі.

2003  жыл, 23   желтоқсан

Астанада  Қазақстан халқы Ассамблеясының  Х сессиясы  ашылды.  « Ұлтаралық келісімнің қазақстандық моделі:  тәжірибе  және  болашақ»  тақырыбында өткен  алқалы жиынға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық етті.

СТАТИСТИКА:

2003  жылы Президент республика өңірлеріне 17  рет, шет елдерге  23 рет ресми  сапарға шықты.  Бір жыл ішінде барлығы  145  Заң қабылданып,  258  Жарлыққа қол қойылды.

 

ЖЫЛ  ТҮЙІНІ

2003 жыл  ел билігі  мемлекеттік және экономикалық құрылымды бір жүйеге түсіріп,осы бағыттағы реформаларды,бірқатар  индустриалды-инновациялық бағдарламаларды  сәтті аяқтап, Қазақстан дамудың жаңа сатысына қадам басқан кезең болды.  Саясаткерлер мен сарапшылар жиі айтып жүрген, Елбасының әйгілі «Алдымен экономика, сосын саясат» деген қағидасы  осы кезеңмен үндес. Экономикалық өсімнің тұрақтылығы,халықтың әл-ауқатының жақсара бастауы  елдің қоғамдық-саяси жүйесінің  жүйелі дамуына да  ықпал етті.  Бұл жылы  Қарағанды облысында Балқаш цинк зауытының және   «Испат – Кармет» ААҚ металлургия комбинатында Домна пешінің, Қостанай облысында  «Енисей» мен «Руслан»  комбайндарын шығаратын  «Агромашхолдинг ААҚ дизел зауытының, Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ  мұнайгазконденсат кен орнында  қайта өңдеу кешенінің  ашылуы  ел экономикасын дамытуға қолайлы  алғышарттар жасады.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ 50 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАСТАМАЛАРЫНАН:

 2003 жылы  Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан  Назарбаевтың  төмендегі маңызды  ұсыныс-бастамалары халықаралық деңгейде қолдау тапты:

 ЕурАзЭҚ аясында бірыңғай ұлтүсті мемлекетаралық валюта-есеп айырысу бірлігін енгізу бастамасы

 13 ақпанда Халықаралық бейбітшілік және келісім конференциясы (Алматы қ.) – ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен өткізілді 

 23-24 қыркүйекте Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының I съезі (Астана қ.) – ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасы бойынша өткізілді. БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы қарары «Дінаралық үнқатысуды көтермелеу»: Қазақстанның конфессияаралық үнқатысуды нығайту саласындағы қызметін мойындау.