ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: 30 ЖЫЛДЫҢ 30 СӘТІ       

ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: 30 ЖЫЛДЫҢ 30 СӘТІ       
almaty-akshamy.kz

Ұлы Дала Елі – ұлттық тарихымыздың мыңжылдықтары мен Тәуелсіздіктің ұлы жетістіктерін ұштастырып жатыр...  Біз көптеген сынақтардан абыроймен өттік, шыңдалдық, рухымыз бекіді. Біз Ұлы Дала Елі – жаңа Қазақстанды – Ұлы даланың  жаңарған Елін құрдық.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

 

 

2015 ЖЫЛДЫҢ  БАСТЫ  ОҚИҒАЛАРЫ

  1. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы.
  2. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы.
  3. Қазақ хандығының 550 жылдығы.
  4. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бесінші съезі.
  5. Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына өтуі.
  6. ҚР Конституциясының 20 жылдығы.
  7. ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы.

 

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:  «Бағдарымыз – белгілі, таңдауымыз – айқын, мақсатымыз – биік»

2014  жылды қорытындылаған  алқалы басқосуда  Тұңғыш Президент 2015 жылғы басымдықтар мен міндеттерді  саралай келе алдағы  басты оқиғалар мен мерекелі даталарға тоқталған еді.

 Расында да 2015  жыл еліміз үшін маңызды айтулы даталармен есте қалды. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының  20 жылдығы, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Жеңістің 70 жылдығы тойланды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының  жылы деп белгіленіп, мерекеленген  бұл кезең   көп этносты елімізде ұлттық рухани құндылықтар мен салт-дәстүрлердің жанданған, жаңарған  көріністерімен де  бірлік пен татулықтың рухын асқақтатты. 

Қазақстанның  Дүниежүзілік сауда ұйымына өтуі мен Еуразиялық экономикалық одақтың жұмыс істей бастауы да осы жылдың еншісінде. Қазақстандықтарды  дәстүрлі Жаңа жыл мерекесімен құттықтауында Елбасы: «Бағдарымыз – белгілі, таңдауымыз – айқын, мақсатымыз – биік. Баршаға шұғыла шашатын «Нұрлы жол» бүкіл еліміздің күретамырына айналды», – деді.

 Ал, жылдың басты саяси оқиғасы ретінде  сәуір айында өткен Президент сайлауын айтуға болар. Оған  электораттың 95,22 пайызы қатысып,оның ішінде сайлаушылардың 97,75 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс берді. Бұл Елбасы беделінің айқындылығы мен оның 5 институттық реформаға негізделген сайлауалды стратегиялық бағдарламасының халықтық сипатпен тығыз ұштасқандығын  білдірсе керек. Сайлауға әлемнің 37 елінен,  халықаралық ұйымдардан келген байқаушылар сайлаудың ұйымдастырылуының жоғары деңгейін, әділдігін ерекше атап өтті.

 Мемлекет басшысы  2015 жылы өткен  ҚХА-ның XXII сессиясында Ассамблеяның туған  күні – 1 наурызды жаңа мереке –  Алғыс айту күні деп белгілеуді ұсынды. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы  мен махаббатының жарқын мерекесіне ұласпақ.  Алғыс айту күні алғаш рет 2016 жылы аталып өтті. Осы жылы сонымен қатар Қазақстанда  атақты ғылым және мәдениет қайраткерлерінің мерейтойлары: көрнекті шығыстанушы, ғалым Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығы, Ұлы Абайдың 170 жылдығы және аса көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығы тойланды.

9  қаңтар

 Мемлекет басшысы  Германияның Федералдық Канцлері Ангела Меркельмен кездесіп, екіжақты келіссөз аясында  экономикалық  ынтымақтастық  мәселелері талқыланды.

25  ақпан

«Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Президент Жарлығы шықты. «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2015 жылдың 26 сәуіріне тағайындалсын» делінген онда.

12  наурыз     

 «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде  Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, өзінің Бес институттық  реформасын жариялады.  Осы съезде  Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына кандидат ретінде  ұсынылды.

20  наурыз

 Нұр-Сұлтанда   Қазақстан, Ресей, Беларусь  мемлекеттері басшылары  – Нұрсұлтан Назарбаев, Владимир Путин, Александр Лукашенко бас қосып,  үшжақты кездесу өтті.

16  сәуір

 Қазақстанға мемлекеттік сапармен Түркия Президенті келді. Нұрсұлтан Назарбаев пен Реджеп Тайып Ердоғанның екіжақты  келіссөздерінен кейін Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме  және «Жаңа Синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасының Іс-шаралар жоспарының маңызын арттыру жөнінде Хаттама қабылданды .

10  сәуір

 Мемлекет басшысы «Елбасымен бірге – жаңа жеңістерге!» атты жастар форумына қатысты.Форумға Қазақстанның бүкіл өңірінен 2000-нан астам адам қатысты, олардың қатарында «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері, мәслихаттардың жас депутаттары, кәсіпкерлер, ғалымдар, танымал спортшылар және жастардың іргелі ұйымдарының көшбасшылары бар. Іс-шара қорытындысы негізінде «Елбасымен бірге – жаңа жеңістерге!» жастар форумына қатысушылар Қазақстан жастарына арналған Үндеу қабылдады.

26  сәуір

Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы өтіп, оның  нәтижесі бойынша exit-poll қорытындысы жарияланды: Сайлаушылардың 97,5 пайызы  – Н.Назарбаевқа , 1,87 пайызы – Т.Сыздықовқа, 0,63 пайызы –  А.Құсайыновқа дауыс берді. Үш күннен кейін, 29 сәуірде Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Президенті қызметіне ресми кірісуіне орай салтанатты Ұлықтау рәсімі  болды.

7  мамыр

Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Елордадағы  «Қазақ елі» алаңында Отан қорғаушы күніне және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған әскеру шеру өтті. Бұл  күні «Жерұйық»  саябағында батыр панфиловшыларға арналған монумент салтанатты  түрде ашылды.

8-9  мамыр

Елбасы  Мәскеуде өткен ТМД-ға мүше елдер Мемлекет басшылары кеңесінің бейресми саммитіне, сондай-ақ, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мемлекет басшылары деңгейіндегі отырысына қатысты. Бұл басқосулар аясында Н.Назарбаев пен В.Путиннің кездесуі болды. Осы сапары аясында Нұрсұлтан Назарбаев Ресей астанасында өткен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына   арналған әскери шеруге қатысты.

10 маусым

Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі  ашылды.

22-23 маусым

Қазақстан ресми түрде Дүниежүзілік сауда ұйымының құрамына енді. Қазақ Елінің ДСҰ-на кіруіне байланысты  келіссөздер мәресіне жетті. Осыған орай еліміздің  Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруінің  мақсат-мүддесін айқындап, маңызын тұжырымдаған  Елбасының Қазақстан халқына Үндеуі  жарияланды. «Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу біздің экономикамызды жаңа көкжиектерге бастайды. Кәсіпорындарымыздың шетел нарықтарына шығуын қамтамасыз етеді. Ал тұтынушылар үшін тауарлар мен қызметтердің кең ауқымына таңдау жасауға жол ашады. Бүгінде сауда-саттығымыздың 90 проценті Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдерге тиесілі. Қазақстан шетелдік инвесторлар мен серіктестер үшін бұрынғыдан да тартымды бола түседі. Жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндіктер туады», - деді Президент.

27  шілде

Швейцарияның Женева қаласында Қазақстанды  Дүниежүзілік сауда ұйымына   ресми қабылдау шарасы өтті. Оған Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. 

2 қыркүйек

Тағы бір қазақ азаматы ғарышқа ұшқан күн! Байқоңыр ғарыш айлағынан қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов «Союз ТМА-18М» кемесімен ғарышқа бет алды.

3 қыркүйек

Қытай астанасы Пекиннің Тяньаньмэнь алаңында екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 70 жыл толу мерейтойына орай және қытай халқының Жапониямен соғыстағы жеңісінің 70 жылдығына арналған масштабты әскери шеру өтті. Шеруге 12 мыңға жуық әскери адамдар, 500 техника, 200 ұшақ және әлемнің 17 елінен мыңға жуық шетелдік  әскери қызметкерлер қатысты. Салтанатты шараға Қазақстан, Ресей,  Беларусь, Чехия,  Өзбекстан, Тәжікстан, Оңтүстік Корея, Вьетнам, Тайланд және тағы басқа елдердің президенттері қатысты.

11 қыркүйек

Мемлекет басшысының қатысуымен  Елордада Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиналыс өтті.

28 қыркүйек

Қазақстан Республикасының Президенті Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының сессиясына қатысып, әлемдік саясатқа  байланысты  жалпы пікірталаста сөз сөйледі.

8 қазан

Мемлекет басшысы  жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барып, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Таразда өткен  шараларға қатысып,сөз сөйледі.

3  қараша

Ұлыбритания Премьер-министрі Дэвид Кэмеронның шақыруы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев  осы елге  ресми сапармен  барды. Сапар  нәтижесінде  13 миллиард доллардың келісімдеріне қол қойылды.

5  қараша

Нұрсұлтан Назарбаев  Франция Президенті Франсуа Олландтың шақыруымен  Францияға ресми сапармен барып,  келіссөздер қорытындысында  бірлескен Декларация  қабылданды.

15   желтоқсан

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне  арналған салтанатты жиын  өтті.  Алқалы жиында Елбасы сөз сөйлеп, Тәуелсіздік жылдары республикамыз тарихи даму тұрғысынан ғажайып секіріс жасағанына тоқталды: «Бабаларымыз ұмтылған аңсарлы мақсат – Тәуелсіздікке біздің ұрпақ қол жеткізді. Сондықтан да бұл күн тұтас ұрпақтардың орындалған арманын білдіретін қуанышты әрі маңызды мереке болып саналады... Біздің Қазақстан – Ұлы Дала Елі, Жаңғырған Ұлы Дала Елі. Бұл біздің асқақ аңсарымыз әрі ерекше мақтанышымыз. Қазақстандықтардың болашақ ұрпағы біздің жетістіктерімізді лайықты бағалап, мақтан тұтарына еш күмән жоқ. Олар біздің тәжірибемізден даналықтың, сындарлы іс-әрекеттің және кез келген қиындықтың алдында иілмес беріктіктің үлгісін көретін болады, – деді Президент.

 СТАТИСТИКА:

  2015  жылы Президент 700-ге жуық протоколдық шараларға,100-ден астам кездесулерге, 11 мемлекетаралық саммиттерге,5 халықаралық форумдарға  қатысқан екен.Республика өңірлеріне   19  рет, шет елдерге 20  рет ресми  сапарға шықты.  Бір жыл ішінде барлығы 168 Заң қабылданып, 216   Жарлыққа қол қойылды.

 ЖЫЛ ТҮЙІНІ:

Жаңа Президенттік мерзімге сайланған Нұрсұлтан Назарбаев сайлау өтісімен өзінің 100 нақты қадамнан тұратын Ұлт жоспарын ұсынды. Осыған орай Ұлттық комиссия құрылды.Ел Парламенті  жыл аяғына дейін бұл реформаларға заңдық сипат беріп, алпысқа жуық  заңдар мен нормативтік-құқықтық актілер  қабылдады. Мұның өзі бүкіл әлемді тығырыққа тіреген дағдарыстық кезеңнен өтудің  қазақстандық жолдың  тиімді де сәтті  бағдар  болғанын өмірдің өзі дәлелдеп берді.Еліміздің  даму  жолындағы осы жеңісті жолдардың  бірлікпен және келісіммен астасып жатқандығын Елбасы да  жылдың қорытынды жиынында жақсы айтты: «Жыл басында өткен президент сайлауы біздің табысты түрде болашағы біртұтас ұлтқа айналып келе жатқанымызды көрсетті. Бірлік пен келісімді сақтап, нығайту оңай жұмыс емес. Ол даналық пен көргенділікті, көрегендік пен еліміздің барша азаматтарының өзара сыйластығын қажет етеді. Ғылым Жер бетіндегі әрбір этнос кемінде бір ерекше қасиетке ие екенін айтады. Біздің өміріміз Қазақстандағы 100 этностың 100 айрықша және қайталанбас қасиеті бар екенін көрсетіп отыр. Соның бәрі жиналып келіп біздің Біртұтас Ұлтымыздың бірегей басымдылығын құрайды. Қазақстанның әрбір этносы – біздің байлығымыз. Көпэтностылық – біздің ортақ ұлы қазынамыз. Қазақстан халқы Ассамблеясы, міне, 20 жыл бойы осы байлықтың басты қорғаушысы міндетін табысты атқарып келеді. Тәуелсіз Қазақстан – біздің үлкен отбасымыз және ортақ шаңырағымыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне  арналған 2015 жылы өткен салтанатты жиында Елбасы   жылды қорытындылай келе:  «Қиындықтарға қарамастан, тәуелсіздіктің 24-ші жылы жадымызда көптеген жан толқытарлық, Қазақстан үшін айрықша мәні бар оқиғаларымен есте қалады. Біз экономикамыздың оң өсімін сақтадық. Индустриялық дамудың екінші бесжылдығы және «Нұрлы жол» бағдарламасы басталды. 2015 жылы 800 миллиард теңгенің 120 жобасы іске қосылды, 10 тұрақты жұмыс орны ашылды, мыңдаған шаршы метр баспана пайдалануға беріліп, оларға жастар мен аз қамтылған отбасылар қоныстанды...Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кірді. Еуразиялық экономикалық одақ жұмысын бастады. Биыл Қазақстан әлемдік жетекші экспорттаушылардың елулігі қатарына қосылып, 43-орынды иеленді. Бізде ширақ, сауатты, жаңашыл жастар буыны өсіп келеді. Әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының қатарына қосылған Назарбаев Университетінде даярланған алғашқы 500 маман биыл бітіріп шықты. Қазақстан МАГАТЭ-мен бірлесіп, Ядролық отын банкін құрды, ол біздің елге орналастырылады. Үшінші ғарышкеріміз Айдын Айымбетов Жер төңірегіндегі орбитаға сапар шекті. Біз Ұлт жоспарын орындауға кірістік. Оны Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында жүзеге асыра бастағанымыздың да символдық мәні бар», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

***

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқын Жаңа жылмен құттықтауынан:

«Тарих қойнауына аттанғалы тұрған жыл еліміз үшін жемісті болды. Қазақстан дағдарысқа қарамастан, өзінің құтты қадамын жалғастырды.Биыл біз тарихы тереңде жатқан тамырлы халық екенімізді баршаға әйгіледік. Ұлы Далада ұлт атауымен  мемлекет құрған бабалар рухына тағзым еттік. Жаңа Қазақстанның қалыптасуына негіз қалаған Ата Заңымызды ұлықтадық. Бақ-берекеміздің ұйытқысы – Қазақстан халқы Ассамблеясының беделін биіктеттік. Ардагерлерімізді ардақтап, Ұлы Жеңістің мән-маңызын ұрпақтың санасына сіңірдік. Қазақтың үшінші ғарышкері көк жүзіне самғап, мерейімізді өсірді. Саудамыз сапалы, тауарымыз тартымды болуы үшін Дүниежүзілік Сауда Ұйымына мүше болдық. Биылғы Президент сайлауында бірлігі бар ел екенімізді тағы да дәлелдедік».