Жанұясы үшеммен толыққан алматылық отбасы үйлі болды

Жанұясы үшеммен толыққан алматылық отбасы үйлі болды
Сурет: Egemen.kz

Алматылық Ержан Жамбауовтың шаңырағында қаңтар айының соңында үшем дүниеге келді

Алты баланың ата-анасы атанған бақытты отбасына күні кеше «Елге көмек» қайырымдылық қорының бастамасымен баспана кілті берілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Қала тазалығы қызметінде жұмыс істейтін ерлі-зайыптылар бұған дейін көп қабатты үйдің жертөлесін паналап келген. Бұл жай ізгілікке іңкәр жандарды бейжай қалдырған жоқ. Осыған дейін 12 отбасына пәтер кілтін табыстаған «Елге көмек» қоры аталған мәселе туралы желіге әсерлі бейнеролик жариялаған еді. «Көп түкірсе - көл» дегендей, үй алуға қажетті сома тәулік ішінде жиналып, қайырымды іске ел азаматтары үн қосқан.

«Үшемдердің өмірге келуі – сирек кездесетін жағдай. Жамбауовтар отбасының жер­төледе өмір сүріп жатыр дегенін естігенде, олардың үшемдерден бөлек үш ұлы барын білгенде, көмек қолын созғымыз келді. Үшемдердің жаңа өмірі жаңа үйде басталғанын қаладық. Арнайы бейнеролик дайындап, парақшамыз арқылы көпшілікке ұсындық. Қайы­рымды жандар аз уақыттың ішінде өз үлестерін қосып, қала іргесінен кең ауласы бар жайлы баспана бұ­йыр­ды»,– дейді игі іске бастама бол­ғандар.

Алты баланың әкесі Ержан Жамбауовтың қуанышында шек жоқ. Ең үлкен арманымның бірі орындалды деген ол жақсылыққа үлес қосқан жандарға алғысын білдіріп, баспана кілтін қолына алған сәтте көз жасына ерік берді. Бұдан былай барлық күш-жігерін балаларын оқытуға арнайтынын айтып, ағынан жарылды.