Жанна АСАНОВА: Сайлаушылар сенетін адамдардың көмегін пайдалануға құқылы

Жанна АСАНОВА: Сайлаушылар сенетін адамдардың көмегін пайдалануға құқылы
almaty-akshamy.kz

Екі адамның бір дауыс беру кабинасына кіруі, егер оған дәлелді себептер болса, тәртіп бұзушылық болып табылмайды. Мәселен, туыстары көзі нашар көретін азаматтарға дауыс беруге көмектесуі мүмкін. Бұл туралы Алматы қалалық референдум өткізу жөніндегі аумақтық комиссиясының төрағасы Жанна Асанова мәлімдеді.

«Біз сайлаушылардың тізімнен табылмауының себептерін анықтадық. Атап айтқанда, 99,9% жағдайда адамдар жай ғана тізімнен шығарылған. Айталық, адам туысқанының үйіне тіркелді, кейін пәтер иесі оны тіркеуден шығарып жіберген (заңға сәйкес, меншік иесі мұны істей алады). Ал тіркеуден шығарылған адам бұл туралы хабардар болмай шығады. Айта кету керек, 3384545 нөмірі арқылы тіркелу тарихын бақылай аласыз. Жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер базасында көші-қон бойынша барлық ақпарат бар», – деді Жанна Асанова.

Оның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандар сенімді адамның көмегін пайдалануға құқылы. Мәселен, бір кабинада екі сайлаушының болған оқиға №529 сайлау учаскесінде орын алған.

«Бұл жағдайда дауыс беруге екі адам келді – ерлі-зайыптылар. Олардың бірі –соқыр. Екеуі де осы ауданда тіркелген. Ер адам өзіне сенетін адамның көмегін пайдалану құқығын беретін норманы пайдаланды. Бұл заң бұзушылық емес», – деп түсіндірді Жанна Асанова жағдайға қатысты,

«Перденің ашық болуы заң бұзушылық па?» деген сұраққа Жанна Асанова мұндай тәжірибе пандемия кезінде болғанын айтты. Сайлаушы шымылдықты өз қалауы бойынша аша алады немесе жаба алады. Бос кабинада шымылдықтың ашық немесе жабық болуы бойынша ешқандай заң бұзушылықтар жоқ.

Еске салайық, 1 миллион 126 мың 854 алматылық референдумда дауыс беру құқығына ие болса, 1388 адам сырттай дауыс беру арқылы дауыс береді.