Жанкешті Жақыпов

Жанкешті Жақыпов
almaty-akshamy.kz

Бар саналы ғұмырын жұрт жұмысына жұмсаған жандардың ісі елі барда ұмытылмақ емес

Алматыны басқарған қай басшы болсын тегін адам емес. Өйткені, олар үлкен өмір мектебінен өтті. Қызметте меритократиялық жолмен өсті. Әдетте ұйымдастырушылық, іскерлік қабілеті зор болып тұрып, еңбекқорлық қасиет жетіспей жатуы да әбден мүмкін. Бір тәнті ететіні, Алматыны басқарғандардың қай-қайсысы да іскер және бар бақытын да, барақатын да еңбектен тапқан. Олар елді, жерді сүюді өзінің жанкешті еңбегімен дәлелдеген. Еңбек кісі бойындағы көп кемшіліктерді жоятынына әбден көзі жеткен. Сондай жанкешті жанның бірі Әнуар Жақыпов еді.

Сол кездегі орта 1978 жылы Алматыға сөздің емес, істің адамы басшылыққа келді деп қуанды. Бір атап айтарлығы, ол тұстағы басшылардың басым бөлігі қай қырынан алсаң да аузы дуалы, сөзі уәлі, елді өзіне қарата білген, өз ортасында, қоғамда мойындалған тұлға болды. Жоғары лауазымды қызметтерге қойғанда осы қасиеттері айрықша ескерілді. Тағы да бір атап айтарымыз, ол заманда үлкен қызметке қазіргідей тура жолмен емес, от пен судан, талай тар жол, тайғақ кешулерден өтіп барып, әлгінде айтқанымыздай, меритократиялық, яғни түрлі басшылықтарда тәжірибе жинап, сатылап өсетін. Әнуар Жақыпов та сол жолдан өткен білікті де білгір кадр еді. Сөзіміздің айғағы ретінде оның өмір жолын көктей шолып өтуге болады.

Ол 1944 жылы орта мектепті бітірген соң, Есіл стансасында вагонның техникалық бақылау слесарі болып алғашқы еңбек жолын бастады. 1954–1957 жылдар аралығында Ташкенттегі теміржол көлігі институтын тәмамдаған соң Атбасар стансасында жүк бөлімінің бастығы, одан соң Жамбылда бөлім басшысы болды. Осы қызметтерде ол ысылып, тұңғыш рет астықты тасымалдаудың ауқымдылығын арттыру жолында үлкен тәжірибеден өтіп, жас маман ретінде өзін өзге қырынан көрсете білді. Осы еңбегі ескеріліп, 1960–1964 жылдары Қазақ темір жолы Ақмола облыстық бөлімі бастығының орынбасары болып жоғарылатылды. Оның осы еңбекқорлық, жаңашылдығы әсіресе, Тың өлкесінде астық жинау науқаны кезінде жарқырап көрініп, Дінмұхамед Қонаевтың көзіне түсті. Арада көп уақыт өтпей, ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Көлік және байланыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалды. Содан Әнуар Жақыпов Автомобиль көлігі министрі болып, осы қызметте аттай тоғыз жыл отырды. Міне, тұлпарлығын тай кезінен таныған Димекең оны Алматыға басшы етіп тағайындарда тоғыз жылда тоғыз министрдің жұмысын бір өзі атқарды деп баға берген екен.

Қаланың дамуында тұрақтылық болып, әр салада өсу қарқыны байқалған жағдайда тұрғындардың да өсімі, сонымен қатар басшыға деген сенімі де артады. Жақыповтың кезінде Алматы халқының саны 900 мыңнан асып, былайша айтқанда демографиялық дүмпу болды.

Бұған дейін жазғанымыздай, Ахмет Әділов, Есен Дүйсенов сынды ел басқару ісінде ұлттық ұстанымдарға көп арқа сүйеп, небір бас кететін сұрапыл жиындарда елдік мәселелерді шешуге келгенде шашасына шаң жұқтырмаған басшылардың мектебінен өткен бұл кісі жөнінде де әріптестері әркез өзінің ақжарма пікірін де жасырып қала алмады. Соның бірі көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы болған Сағидолла Құбашев ағамыз да Әнекеңмен жиі араласып, талай сынақтан бірге өткен. Ол кісі көзі тірісінде әріптесі туралы «Алматы ақшамына» берген сұхбатында былай депті.

– Әнекең мамандығы – теміржол инженері, қатардағы жұмысшыдан Орталық Қазақстан темір жолы басқармасының бас инженеріне дейін өскен. Орталық партия комитетінің көлік және байланыс бөлімі меңгерушісі ретінде бүкіл республика көлемінде ауқымды жоспарларды іске асырған. Әнекеңнің автокөлік министрі қызметінде істеген еңбегі зор. Бұл кезеңде кіші қалалардың, барлық аудан орталықтарының, совхоз, колхоздардың халқының саны өсіп, өндіріс, шаруашылықтардың жан-жақты өркендей бастаған, қатынасқа, көлік қызметтеріне талап, сұраныс көбейген кез еді. Осы тұрғыдан келгенде, тұрғын саны 1 миллионға жуықтаған астанамызда көлік мәселесін шешу кезек күттірмейтін мәселе еді. Міне, осы тұста қалаға бұл саланың бүге-шігесін жақсы білетін Жақыповтың басшылыққа тағайындалуы дұрыс шешім болды. Басқасын былай қойғанда, шаһардағы көлік тасымалы мәселесі оң шешімін тапты. Аз уақыттың ішінде 6 автобус паркі, 4 трамвай және троллейбус депосы тұрғындарға сапалы қызмет жасады. Жолаушыларға 1335 шақырым қашықтықта қызмет көрсетіліп, тасымал көлемі 1,5 миллион адамға артты. Бұл, әрине, айта салғанға ғана жеңіл. Шын мәнінде нағыз жанкешті жұмыс еді. Міне, осындай үлкен тәжірибе алаңынан шыққан Әнекең кейін Автокөлік министрі болған кезде де республикада 100-ден аса жаңа типтегі сол кезең сұранысына арналған автобазалар тұрғызып, елді тығырықтан шығарып, бар қиындық оңтайлы шешімін тапты. Республикада жолдар салынып, автобустар, ауыр жүк машиналары, әсіресе, село халқының тұрмыс жағдайын бұрын-соңды болып көрмеген мүмкіндіктерге жеткізді деуге болады. Бұл шынын айтсақ, шалғайда жатқан қазақ ауылдарының тіршілігіне үлкен бетбұрыс алып келді. Менің пайымдауынша, әрі көп жыл қоян-қолтық жұмыс істеп, әріптес болғаннан кейін бе, ел қамы үшін күн-түн бел шешпей қызмет жасаған екі министрді айрықша атап өткім келеді. Әбдіразақ Елібаев пен Әнуар Жақыповты ел ешқашан ұмытпайды.

Рас. Бар саналы ғұмырын жұрт жұмысына жұмсаған Жақыповтай жанкешті жандардың ісі елі барда ұмытылмақ емес. Көрнекті қайраткер бағасы осындай тұжырымға табан тіретеді.

 

Әзірлеген - Қ.ҚОШҚАРҰЛЫ.