«Жаңа дәуір – жаңа медиа»

«Жаңа дәуір – жаңа медиа»
inform.kz

Бүгін Astana Media Week басталады

Astana Media Week үш күн бойы – 26-28 қазан аралығында өтеді. Оның барысында 150 отандық және халықаралық спикерлердің қатысуымен 30-дан астам іс-шара өтеді.

Жылдың басты тақырыбы: «Жаңа дәуір – жаңа медиа». Тақырып жобаның үш құндылығын ашуы тиіс: жаңа дәуірдегі сенім, жаңа уақыттағы кәсібилік және БАҚ-тың үздіксіз дамуы.

Медиаапталық «Контент-маркет» көрмесінен басталады, оған республикалық және өңірлік телеарналар қатысады, сондай-ақ 50-ден астам продакшн-компания ұсынылады. Жаңа телебағдарламаларды, реалити-шоуларды, мультфильмдерді, көркем және деректі фильмдерді таныстыру үшін ашық питчинг ұйымдастырылады. Онда продакшн-студиялар инвесторлар мен сатып алушыларды табу мақсатында өздерінің эксклюзивті бейнеконтентін таныстырады. Ал жабық тақырыптық питчингтерді "ҚАЗАҚСТАН "РТРК" АҚ және "Хабар Агенттігі" АҚ өткізетін болады.

Meta — медиаапталықтың жеке тақырыбы ретінде қарастырылады. Метағалам бұл цифрлық шындық, миллиондаған адам желіде кездесіп, миллиондаған виртуалды кеңістікте өзара әрекеттесетін 3D виртуалды әлем. Метаның дамуы БАҚ-қа қалай әсер етеді? Қазіргі таңда медиа үшін қандай артықшылығы бар? Бұл сұрақтарға негізгі пленарлық отырыста еліміздің белгілі саяси қайраткерлері мен іс-шараның хедлайнерлері ретінде шақырылған META және TikTok командалары жауап береді. Пленарлық сессияға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және арнайы шақырылған қонақ ретінде Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтовтың қатысуы жоспарланған.

Орталық Азия өңірі қазір белсенді саяси және экономикалық реформалар кезеңін бастан кешіруде. Оң өзгерістермен бірге халықтың сапалы және объективті ақпаратқа деген сұранысы артып келеді. Бұл ақпараттық қоғамдастықтың алдында тұрған жалпы сынақ. Бірінші күні AMW қатысушылары панельдік сессия аясында Әзірбайжан, Өзбекстан және Қырғызстан сияқты Орталық Азия бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен ортақ сын-қатерлерге ортақ жауаптарды қалай табуға болатынын талқылайды.

Әлеуметтік желілерде медиаөнімдерді жасайтындарды да айтпай кету мүмкін емес. Бұл - жаңа медиа өкілдері, ықпалды блогерлер. Пікірталас алаңында блогосаланың эволюциясы, интернет-ресурстарды монетизациялау мәселелері де талқыланатын болады.

Сонымен қатар, 26 қазанда Astana Media Week аясында Nickelodeon телеарнасы мен Turanews.kz жаңа ақпарат порталының тұсаукесері өтеді.

Форумның екінші күні «Қазақстандағы жарнама медианарығы: қазіргі жағдайы» тақырыбындағы пікірталас алаңынан басталады, онда Орталық Азия жарнама қауымдастығының сарапшылары мен ірі ТВ-сейлз-хаустардың өкілдері 2022 жылдың бірінші жартыжылдығының нәтижелері бойынша жарнамалық медианарықтың ағымдағы жағдайы туралы әңгімелейді.

Сондай-ақ екінші күннің бірінші жартысында «Сериал индустриясының жаңа кезеңі» панельдік секциясында отандық продакшн-студиялардың өкілдері, "Хабар Агенттігі" АҚ, «ҚАЗАҚСТАН «РТРК» АҚ, «31 арна» республикалық арнасы және басқа да медиасарапшылар 2023 жылға арналған жаңа сериалдардың идеялары мен тақырыптарын ұсынатын болады.

Жеке секцияларда журналистерді даярлау мәселелері талқыланады. Бұл - өте өзекті мәселе, себебі журналистердің кәсіби құзыреттілігінің трансформациясы "БАҚ туралы" заңның жаңаруына байланысты пісіп-жетіліп отыр. Сонымен қатар, «Журналист мәртебесі» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтеді. Оған Сенат пен Мәжіліс депутаттары, сондай-ақ ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, құқық қорғау ұйымдарының өкілдері қатысады.

27 қазанда Қазақстанның барлық қалаларынан медиасаланың өкілдері өңірлік БАҚ форумында жиналып, сала трендтерін, проблемалық мәселелерін және олардың даму жолдарын талқылайды.

Сонымен қатар, медиаапталықтың екінші күнінде 15 жылдық мерейтойын атап өтетін Бас редакторлар клубының форумы өтеді. Форумда БАҚ менеджменті саласындағы білімді арттыру және саладағы кадрлық әлеуетті дамыту мәселелері талқыланады.

Үшінші күні Қазақстанның баспасөз хатшылары үшін бөлек сессия жұмысы қарастырылған. Бұл сессия журналистермен қарым-қатынас жасау, дағдарыс жағдайында жұмыс істеу және БАҚ этикасы тақырыптарына арналған семинарлар сериясы форматында өтеді. Барлық оқу уоркшоптарының соңында үздік баспасөз хатшысы марапатталып, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін табыстау рәсімі өтеді.

Astana Media Week дәстүрлі түрде баспасөз, радио, интернет-журналистика саласындағы үздік жетістіктері үшін «Үркер» сыйлығын тапсырудың салтанатты рәсімімен аяқталады.