Жамбылдық полицейлер Ресей азаматшасының маңызды құжаттарын тауып берді

Жамбылдық полицейлер Ресей азаматшасының маңызды құжаттарын тауып берді
Сурет: Polisia.kz

“Ералаш” киножурналының режиссері жоғалған әмиянын тауып берген жамбылдық полицейлерге алғыс білдірді, – деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Ресей Федерациясының азаматшасы Марина Сүлейманова Жамбыл облысы ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлеріне маңызды құжаттары, ақшасы және пәтер кілттері бар әмиянын іздестірудегі жедел әрекеттері үшін өзінің шынайы алғысын білдірді.

Режиссер әйел әмиянын такси көлігінде қалдырып кеткен. Кедендік өткізу бекетіне келген кезде әмиянын жоғалтқанын түсініп, дереу полиция қызметкеріне жүгінген. Кешенді іс-шаралар өткізу және бейнебақылау камераларын қарау барысында патрульдік полиция инспекторы Мадияр Асубаев такси автокөлігін анықтады. Нәтижесінде аз уақыт ішінде құнды заттары бар әмияны табылып, иесіне қайтарылды.

– Жарты сағаттың ішінде полиция қызметкері жоғалған затымды тауып, маған қайтарды. Сол сәтте мен шет елде жүргендіктен, қатты қобалжып кеттім, кімге жүгіну және не істеу керектігін білмедім. Бірақ патрульдік полиция инспекторы мені тыныштандырып, әмиянды табуға уәде берді. Жамбылдық полицейлердің көрсеткен қолдауы, кәсіби әрі шұғыл қызметі үшін зор алғысымды білдіремін. Полиция қызметкерінің жоғары нәтижелері мен белсенді ұстанымына тәнті болдым, олар менің шағымым бойынша бірден әрекетке көшті, – деді Марина Сүлейманова.